Air Astana компаниясы қыркүйектегі Білім күні мен Халықаралық қайырымдылық күні аясында, Алматыдағы Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне 1000 дана кітап таратты. Кітаптың бәрі қазақ тілінде, бәрі балаларға арналған. Кітаптар Steppe&World Publishing баспасының танымдық әдебиеттер ассортиментінен іріктеліп алынған. Бұл бастама балалардың кітап оқуға қызығуына ықпал етеді.
Осы орайда кітап оқитын баламен және балаларына кітап оқытатын ата-анамен әңгімелестік. Мақалада қаладағы Крылов кітапханасындағы кітаптар туралы және Steppe&World Publishing баспаханасы шетел әдебиетін қазақшаға қалай аударатыны туралы да жаздық.
«30 бет оқысам, өзіме шоколад сатып аламын»
Айсана Көбеген 10 жаста. Қазір 4-класс оқиды. Айсана — кітапқұмар жас. Кітапты тұрақты оқуды тоғыз жасынан бастаған.
Қазір британ жазушы Холли Уеббтің «Роуз бен сиқырлы айна» деген кітабын оқып жатыр. Бұл айна сиқыры туралы кітап екен, — дейді Айсана.
Ол осы Холли Уеббтің «Мейзи Хитчинс» сериясын сүйіп оқиды. Сүйікті шығармалары қатарында британ жазушы Жакілин Уилсонның «Трейси Бикердің хикаясы» да бар.

Үйде анам да кітап оқиды. Менің сүйікті жанрым — фентеси. Қолым босай қалса, кітап оқимын. Бастапқыда жеңіл әрі қызық кітаптар оқып жүрдім. Сосын өзімді ынталандырып отырамын. Мысалы, 30 бет оқысам, өзіме шоколад сатып аламын. Қатарластарыма да осыны кеңес етемін, — дейді кішкентай оқырман.
«Бірінші ата-ана оқуы керек»
Ақжанна Өтенбаеваның үш баласы бар. Үлкені Бердікбек 6-класс, Бекболсын 4-класс, ал сүт кенже Бексұлтан 2-класс оқиды. Ақжанна ханым балаларының бәріне кітап оқу әдетін тіпті сәби күнінен сіңірген.
Өзім көп кітап оқимын. Содан болар, балаларыма кітап ала береміз. Үлкеніме кітапты екі жасынан бастап ұстаттым. Балаларды кітап дүкендеріне жиі апарамыз. «Мына кітапты ал, оқы» деп айтпаймыз. Өздері таңдап алады. Әрқайсы түрлі жанрды оқиды. Кейінгі кезде комикске құмар болып жүр. Бексұлтаным Steppe&World баспасы шығарған «Итбасты» қашан аламыз?» деп қоймай жүрген. Кітапханаға бірнеше рет барып келдік. Түспеген екен. Сосын дүкенге барып, оқып келді, — дейді Ақжанна Өтенбаев.

Оның айтуынша, балалары сабаққа өз бетінше дайындалады. Түсінбегенін үлкенінен сұрап отырады. Ал бос уағында кітапханадан әкелген кітабын оқып отырады екен. Өйткені кітапханадан алған кітапты бес-жеті күн ішінде тапсыру қажет.
Бірінші ата-ана оқуы керек екен. Бала соған қарап, кітапқа ұмтылады, — дейді Ақжанна ханым.
Кітап оқығанның пайдасы
Әсіресе, үйдің кенжесі Бексұлтан оқыған кітабын сондай бір әсерленіп жеткізеді. «Кітаптың ішінде жүргендей болдым» дейді. Жақында «Қаныш Сәтбаев кім?» деген кітапты тауысыпты. Сосын «Сәтбаев кім болғанын айтып берейін бе?» деп, оқығанын баяндап берген.

Ортаншым Бекболсын Жюль Верннің «Әлемді 80 күнде шарлау» деген кітабын оқып жатыр. Мектепте минут санап, кітап оқытады. Бекболсын бір минутта 138 сөз оқып, класының алды болып тұр екен. Бұл да — кітап оқығанның пайдасы. Осы жазда ақын Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» деген кітабын оқып шыққан. Одан кейін Бексұлтан оқып шықты. Екеуі де «өте әсерлі екен» деп, жылап алды. Кітап оқыған бала не оқып жатқанын осылай түсінеді әрі сезіне алады, — дейді ана.
Ақжанна ханымның айтуынша, балалардың кітап оқитыны сабағына да әсер етіп жүр. Үш баланың да үлгерімі жақсы.
«Балалар қаржылық сауат тақырыбына қызығып келеді»
И.А.Крылов атындағы қалалық балалар кітапханасының жетекшісі Қаракөз Исаханқызының айтуынша, балалар көбіне ертегі, фентеcи, комикс, жануарлар туралы және дүниетану бағытындағы кітаптарды көп сұрайды. Үйге кітап алу үшін оқырман Алматы қаласында тұрақты тіркелуі керек.
Кітапханада қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі түрлі жанрдағы әдебиеттер бар. Балалар көбіне ертегі, фентеcи, комикс, жануарлар туралы және дүниетану бағытындағы кітаптарды көп сұрайды. Холли Уеббтің «Мейзи Хитчинс» сериясы өте танымал. Бір оқырман оқып әкелсе, келесі оқырман бірден алып кетеді. Холли Уебб кітаптарының бірнеше түрі бар. Өзі — көп оқылатын автор, — дейді ол.
Оған қоса, балалар Луис Кәрроллдың «Алиса в стране чудес», Нил Гайманның «Коралина» кітаптарын алады. Балалар бұл авторлардың детектив және фантастика жанрындағы кітаптарын жақсы көреді.
Қазіргі таңда балалар арасында қаржылық сауат тақырыбына қызығушылық артып келеді. Осыған байланысты Бодо Шафердің «Пёс по имени Мани» кітабын көп алады. Бұл – балаларға арналған қаржы туралы қызық әрі пайдалы кітап. Ол әлемнің көптеген тіліне аударылып, үш миллионнан астам тиражбен басылып шыққан, — дейді Қаракөз Исаханқызы.
Оның айтуынша, ғылымды оңай әрі қызық оқытатын «Физика в комиксах», суреттермен берілген «Дисней» ертегілерінің қазақша нұсқалары, «Кішкентай ханзаданың» кітабы, батырлар жыры мен әдеби антологиялар да жиі алынады.

Бұл шығармалар 0-4-класс оқушыларына арналған 2-қабатта тұрады. Ал кітапхананың 3-қабаты 5–11-класс оқушыларына, студенттерге және ересектерге арналған. Мұндағы кітаптардың бағыты мен саласы әртүрлі.
Жалпы, кітапхана қорында 105 675 кітап бар. Кітапхана биыл екі рет жаңа кітаптармен толықты.
Қазір елімізде баспалардан мықты кітаптар көптеп шығып жатқаны, қазақ тіліне аударылып жатқаны қуантады. Кітапханамыз Steppe&World, Mazmundama, Kitapal, Отбасы хрестоматиясы, Атамұра, Meloman кітап дүкендер желісінің жаңа кітаптармен толығып отырады, — дейді ктапхана жетекшісі.
Қазір баспаханалар бестселлер авторымен тікелей жұмыс істейтін болған
Steppe & World Publishing корпоратив қорының атқарушы директоры Ғалымжан Оразымбет қазір қазақша балалар әдебиетіне сұраныс артып келе жатқанын айтады.
Ата-ана, кейде балалардың өзі көркем әдебиет пен танымдық әдебиетті алып жатады. Ата-ана «Балама қандай кітап алсам болады?» деп сұрайды. Оның үстіне барлық аймақта дерлік бұрынғымен салыстырғанда Kitap Fest-ер мен кітапқа қатысты іс-шаралар көбейді, — дейді Ғалымжан Оразымбет.
Баспахана өкілі кітаптарды шетел тілінен қазақшаға аудару процесіне де тоқталды. Оның айтуынша, баспаханалар әуелде ағылшын, неміс тілінде жазылған шығармалардың орысша нұсқасын аударатын. Ал қазір түпнұсқадан аударып, кітап авторымен тікелей жұмыс істейтін болған.
Steppe & World Publishing баспаханасының ашылғанына алты жыл болды. Ассортиментімізде 160-қа жуық аударма кітап бар. Кей жылы 60 кітап шығарамыз, кейде жылына 20 кітап шығады. Бәрі қаржыға байланысты. Шетелден кітап аударудың шығыны көп: автордан автор құқығын, кітаптың контентін сатып аламыз, шетелден сатып алғандықтан, бәріне салық төлейміз. Оған қоса қазақшаға аударуға, баспадан шығаруға көп қаржы мен уақыт керек, — дейді Ғалымжан мырза.
«Кітап шет тілінде емес, қазақша жазылғандай» деген мақтау естиміз»
Ғалымжан Оразымбет Steppe & World Publishing баспаханасынан шығып жатқан аудармалар туралы да айтып берді.

Оқырман оң пікір айтып жатады. Әсіресе, «кітап шет тілінде емес, қазақша жазылғандай» деген мақтау естіп жүрміз. Флагманымыз — «Хәрри Поттер» сериясы. Бұл кітапты оқырман өте жақсы бағалады. Қазір осы деңгейден түспеуге тырысып жүрміз. Аудармаға қатысты қалыптасқан стандарттар мен қағидалар бар. Оқырман «Нарния шежіресі», түрік жазушы Элиф Шафактың «Махаббаттың қырық қағидасы» және «Тасбауыр дүниедегі он минут отыз сегіз секунд» шығармалары, жапон жазушы Харуки Муракамидің «Норвег орманы» сияқты кітаптардың аудармасын өте жақсы бағалады. Әзірше оқырманнан нашар пікір естімедік, естімейміз деп те үміттенеміз.
Ғалымжан мырзаның айтуынша, баспахана командасында тілді өте жақсы меңгерген, мәтінді жақсы өңдей алатын мамандар тартуға тырысады. Мұның бәрі — сапаға аса мән бергеннің жемісі.
Steppe&World Publishing тек түпнұсқа атауды қолданады
Шетел әдебиетінде кездесетін ұғымдар, терминдер, адамның аты-жөні мен жер-су атаулары аудармада түпнұсқадағыдай беріледі.
Бір жағы, біздің әліпбиіміз де шетел тіліндегі түпнұсқа атауын жазғанға жақсы келеді. Ағылшын, неміс, француз тілдерінің дыбыстарын «ң», «ө», «ғ» сияқты әріптермен беріп, қазақ әліпбиінің керемет мүмкіндігін пайдаланып отырмыз. Ағылшынша «ng», қазақша «ң»-ға дөп келеді. Орыс тілі ағылшынның «w» әрпін, «в» деп жазады. Содан «William» деген есімді «Вильям» деп жазады. Ал біз түпнұсқа бойынша, «Уиллиам» деп жазамыз. Мысалы, орысша Гарри Поттер дейді. Ал ағылшынша бұл — Harry Potter, біз де түпнұсқадағыдай Хәрри Поттер деп береміз, — дейді Ғалымжан Оразымбет.
Оқырманның басым бөлігі бұл ұстанымды дұрыс деп біледі.
Оқырман қолдан салған иллюстрацияларды ұнатады
Баспахана негізінен шетел әдебиетін аударады. Сондықтан шетел иллюстраторлары кітапта суретті қалай салса, Steppe&World Publishing иллюстрациялары соны айнытпай береді.
Бұл — қолдан салған иллюстрациялар. Оқырманның басым бөлігі компьютер бағдарламаларын қолданып салғаннан гөрі, осы қолдан салған иллюстрацияларды ұнатады. Олардың айтуынша, автордың ізденгені, қол еңбегі көрініп тұрады. Біздің аударма әдебиеттеріміздің мұқабасында автормен қатар, иллюстрация авторының да аты-жөні жазылып тұрады. Бұл автор иллюстратор еңбегін аса бағалайтынын білдіреді. Кейде бар кітабының иллюстрациясын бір суретшіге салдыратын жазушылар бар. Мысалы, ағылшын жазушы Роулд Дал кітаптарының иллюстрациясын Куентин Блейк салған. Мұнымен айтайын дегенім, шетел авторлары кітап сапасын аса мән береді, — дейді Ғалымжан мырза.
Ол өзіміздің нарықта бұл сала бойынша «әттеген-айлар» байқайды. Алайда елімізде суретті сапалы салатын иллюстраторлар бар. Кітап сапалы шығуы үшін баспагер, автор мен иллюстрация тығыз жұмыс істеуге мән бергені дұрыс.

