Қазақстанда ғылымды кеңінен таныту, отандық ғалымдардың ғылыми жетістігін ілгерілету бойынша шаралар оң динамиканы аңғарта ма? Бұл туралы саяси ғылымдар докторы, профессор Гүлмира Сұлтанбаева айтып берді.
Профессор Гүлмира Сұлтанбаеваның пікірінше, Қазақстанда ғылымды кеңінен таныту және отандық ғалымдардың жетістігін ілгерілету бағытында белсенді жұмыс жүріп жатқанымен, бұл шараларға көңіл толу деңгейі әртүрлі. Ол мемлекет кейінгі жылдары ғылым саласын қолдауға баса назар аударып жатқанын, бірақ саладағы түйткілді мәселе мен кемшілік бар екенін айтты.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының мәртебесі жоғарылады. Бұл ғылым мемлекеттік деңгейде маңызды екенін көрсетеді. Мемлекет ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемін жыл сайын ұлғайтып жатыр. Бұл ғылыми жобаларды, оның ішінде жас ғалымдарға арналған грант санын көбейтуге мүмкіндік береді, — дейді Гүлмира Сұлтанбаева.
Профессор «Жас ғалым» жобасы туралы ой бөлісті. Бұл жоба аясында постдокторанттарға грант бөлу жоспарланған. Мұндай мүмкіндік жас зерттеушілерге ғылыми мансап бастауына мүмкіндік береді. Ғылыми жетістікті насихаттау үшін әртүрлі көрме, байқау өтеді, мемлекеттік сыйлық беріледі.
Ғылымды халық арасында кеңінен таныту және ғалымдардың жетістігін насихаттау әлі де БАҚ-та, әсіресе ғылымды танымал ету бағытында жеткіліксіз болуы мүмкін. Сол себепті медиада бұл тақырыпты жүйелі түрде насихаттау қажет, — дейді ол.
