Алматы экологиялық тұрғыдан тұрақты болашаққа бағыт алып отыр. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Қалада ауа сапасын жақсартуға және тұрғындарға жайлы, қауіпсіз орта қалыптастыруға арналған жаңа талаптар жүйесі әзірленіп жатыр.
Бұл — «Атмосфералық ауаны қорғау саласында арнайы экологиялық талаптарды енгізу туралы» ережелер жобасы. Құжат қаладағы түрлі салалар үшін бірыңғай экологиялық стандарттарды белгілейді.
Заң шығару саласының сарапшысы Ерлан Бұзұрбаевтың айтуынша, жоба автокөлік, өнеркәсіп, құрылыс, қоғамдық тамақтану және қатты отын пайдаланатын жеке тұрғын үйлер секторын қамтиды. Бұл бағыттар Алматыдағы ауаның негізгі ластану көздері болып саналады.
Экологиялық аудиторлар палатасының өкілі Райдін Қасымов 12 жылдан асқан көліктердің уыттылық деңгейі қалыпты нормадан 84%-ға дейін асып түсетінін айтты. Алматыда мұндай 80 мыңға жуық көлік бар.
«Ренессанс плюс» компаниясының директоры Әсет Тазабеков қалада күніне 800 мыңнан астам көлік жүретінін, олардың шамамен 15%-ы экологиялық нормаларға сай келмейтінін атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, қаладағы 13 мыңнан астам монша мен 500-ге жуық кәуапхана да ауа сапасына кері әсер етеді.
Ал EСО Almaty дерегінше, Алматыда тіркелген 672 мың автокөліктің 300 мыңы экологиялық класы төмен — Евро-0–Евро-3 санатына жатады.
Қалалық Экология басқармасының эколог-сарапшысы Нәзия Аухинова тұрғындарды экологиялық мәдениетті арттыруға шақырды:
Әрбір автокөлік иесі өз көлігінің ауаны ластайтынын түсінуі қажет. Қозғалтқышқа техникалық қызмет көрсету, сапалы отын пайдалану және каталитикалық нейтрализатор орнату — маңызды шаралар.
