Алматыда жол апаты болып, 5 адам ауруханаға жеткізілді

Алматыда әл-Фараби даңғылында бірнеше көлік соғысып, бес адам жарақат алды. Оқиға 31 қазан күні кешкі уақытта болған.

Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлап отыр.

Полицияның мәліметінше, апат Бостандық ауданында сағат 22:50 шамасында болған. BMW маркалы көліктің жүргізушісі шығыс бағытта қозғалып келе жатып, қарама-қарсы жолаққа шығып кеткен. Соның салдарынан ол алты автокөлікпен соғысқан.

Жол апаты кезінде бес адам түрлі дене жарақаттарын алып, медициналық көмекке жүгінген. Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын Бостандық аудандық полиция басқармасының қызметкерлері анықтап жатыр, – делінген хабарламада.

Қазір жол-көлік оқиғасы бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сараптамалар тағайындалған, апатқа себеп болған жүргізушінің жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі тексеріліп жатыр.