Бензин бағасына қатысты шағым қабылдайтын желі ашылды

Қазақстан энергетика министрлігі АИ-92 маркалы бензин бағасының өсуі мен автогаздың жетіспеушілігіне байланысты азаматтардың шағымдарын қабылдайтын жедел желіні іске қосты.

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Азаматтар жанар-жағармайға баға мораторийін бұзу, дизель отыны мен автогаздың болмауы сияқты жағдайлар туралы +7 701 855 0248 нөміріне хабарласа алады.

Министрлік бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және аймақтық штабтармен бірлесіп, жанармай нарығындағы алыпсатарлық пен жасанды тапшылыққа қарсы қатаң шаралар қабылдайтынын мәлімдеп отыр.

Барлық өңірдің өтінімдеріне сәйкес қажет көлемде жанар-жағармай жеткізілді. Дефицитке ешқандай объективті себеп жоқ, – делінген хабарламада.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, автогаз өндіретін бір зауыттағы жоспарлы жөндеу жұмыстары алдын ала ескеріліп, сұранысы жоғары өңірлерге қосымша көлем бөлінген.

Министрлік азаматтарды жанармай бағасы мен жетіспеушілігіне қатысты барлық фактіні жедел желі арқылы хабарлауға шақырды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да