Ауылдағы медицина саласында қандай өзгеріс болып жатыр?

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы арқылы кейінгі үш жыл ішінде 601 медициналық нысан салынды. Жыл соңына дейін тағы 54 нысанның құрылысы аяқталмақ.

Ұлттық жоба аясында ауылдарда медициналық мекемелердің басым бөлігі ескірген және бейімделген үй-жайлардың орнына, медицина ғимараты жоқ елді мекендерде тұрғызылып жатыр. Осы жоба аясында 1 миллион ауыл тұрғыны алғашқы медициналық көмек алады.

Прьмер-министрдің ресми ресурсының мәліметінше, ауылды жерлердегі маман тапшылығы 17% азайған. Бұл оң өзгеріске әсер етіп жатқан фактордың бірі – «Дипломмен ауылға» бағдарламасы.

Бұл бағдарлама 2025 жылдан 2027 жылға дейінгі кезеңде ауылды аймақтарға білікті кадрларды орналастыру үшін шешуші тетік ретінде жалғасады. Биыл ауылды жерге жіберілетін мамандарға бюджеттік кредит беруге 25 миллиард теңге қарастырылған. Бұл шамамен 2,8 мың маманға тұрғын үй беруге жетеді. Бағдарлама бойынша 2009-2024 жыл аралығында бір жолғы көтерме жәрдемақы алғандар қатарында денсаулық сақтау қызметкерлерінің саны  24,4 мың адам (21,4%) болды.

Мұндай шаралар нәтижесі халық денсаулығының тұрақты оң динамикасын көрсетіп отыр. 2025 жылғы 1 қазандағы көрсеткіш бойынша, жалпы өлім-жітім 2,7%, сәби өлімі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 20,2% азайған.

дәрігерлер, статистика
Дереккөз: Ұлттық статистика бюросы