«Зорлық-зомбылықсыз 16 күн»: әр адам науқан кезінде не істей алады?

Жыл сайын 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығы әлемде, оның ішінде Қазақстанда «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» науқаны өтеді. Бұл кезде ұйымдар мен БАҚ тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы ақпарат таратып, талқылайды. Ал қарапайым адам науқанға үлесін қалай қоса алады? Baribar.kz бірнеше кеңес ұсынады.

Бұған дейін шыққан мақаланы қайта жариялап отырмыз.

  1. Зорлық-зомбылық мәселесі туралы оқыңыз

Науқан кезінде еліңіздегі тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты статистика мен ресми деректі оқып шығыңыз. Қанша дерек тіркелген, қандай түрлері жиі кездеседі, заңда не өзгерді – осыны бір шолып шығыңыз. Бұл ақпарат еліңізде мәселенің қаншалық өзекті екенін көрсетеді.

  1. Құрбанға көмектесу жолын біліңіз

Тұрмыста зорлық көрген адам әуелі қайда хабарласып, көмек сұрау керек екенін, дағдарыс орталықтарының нөмірі мен мекенжайын біліп алыңыз. Қажет кезде осы ақпаратты бөлісудің өзі – көмек. Мысалы, 150 сенім телефоны тәулік бойы істейді.

  1. Проблеманы қолдан келетін тәсілмен көтеріңіз

Зорлық құрбандарына көмек беру үшін міндетті түрде сот, полиция немесе заңгер болудың қажеті жоқ. Мұғалім болсаңыз, осы тақырыпта тәрбие сағатын өтіңіз. Журналист болсаңыз, сюжет түсіріңіз. Суретші болсаңыз, проблеманы өзгелерге жеткізетін өнер туындысын жасаңыз.

  1. Әр сөзіңізге мән беріңіз

«Еркек жыламайды», «Шыда», «Тілден тапқансың» деген сияқты сөздер зорлық мәдениетін қалыптастырады. Сол себепті әр сөзіңізді абайлап айтыңыз. Тіпті, танысыңыз зорлық сипатындағы сөз қозғаса, көңілін ойламай, оны тоқтатып, бұл әрекеті заңға қайшы екенін айтып үйреніңіз.

  1. Айналаға көңіл бөліңіз

Кейде көршіңіз, достарыңыздың не туысыңыздың бірі зорлық құрбаны болуы мүмкін. Сондықтан ұрыс-керісті естісеңіз, «бұл – олардың жеке шаруасы» деп өтіп кетпеңіз. Полиция шақыру немесе жай ғана араша түсу – тұрмыстағы зорлық-зомбылықты тоқтату жолы.