Алматыда «Медеу» спорт кешенін жаңарту жұмыстары басталды

Алматыда «Медеу» спорт кешенін жаңарту жұмыстары басталды. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Жоба кешеннің тарихи және сәулеттік келбетін сақтай отырып, оны заманауи, энергия үнемдейтін және халықаралық стандарттарға сай спорт пен демалыс орталығына айналдыруды көздейді.  Қазіргі уақытта дайындық кезеңі жүріп жатыр. Алдағы уақытта құрылыс алаңы қоршалып, негізгі жұмыстар басталады. Жаңғырту аясында мұз айдынына жаңа тоңазытқыш жүйесі орнатылып, инженерлік желілер толық жаңартылады. Кешен алғаш рет газбен қамтамасыз етіледі. Мұз сапасын нақты уақыт режимінде бақылайтын жасанды интеллект жүйесі енгізіліп, энергия тұтыну 25%-ға дейін қысқарады. Көрермендерге арналған жылы әрі жеке реттелетін орындықтар қойылады, — делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Шығыс қанаттағы қонақүй нөмір қоры сақталып, «төрт жұлдыз» стандартына сай қайта жабдықталады. Сонымен қатар спортшылар мен келушілерге арналған оңалту орталығы ашылады. Онда сауна, массаж бөлмелері және медициналық бөлім жұмыс істейтін болады.

Кешен аумағында заманауи мультимедиялық жабдықтармен қамтылған интерактивті музей, демалыс аймақтары мен кофеханалары бар терраса салынады. Ал кешен алдындағы аумақта SUN-DECK атты жаңа қоғамдық кеңістік құрылады. Жобада ашық аспан астында жылы суы бар 25×15 метр бассейн салу көзделген. Ол жыл бойы жұмыс істеп, қала тұрғындары мен туристерге таудың таза ауасында жүзу мүмкіндігін ұсынады.

Кешен маңында серуен жолдары бар экопарк пайда болады. Мұнда жасанды сарқырама, Кіші Алматы өзені мен тау көрінісін тамашалауға мүмкіндік болады. Сонымен қатар шығыс және батыс бағыттарда екі жаяу жүргіншілер көпірі салынады.

Барлық аумақ жаңа жарық шамдармен безендіріліп, ағаштар мен бұталар егіледі. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жедел сатылар орнатылады. Жаңғырту жұмыстары 2027 жылдың төртінші тоқсанында толық аяқталады деп жоспарланып отыр, — делінген хабарламада.