Дархан Сатыбалды Алматыдағы құрылыс нысандарын аралады

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары кезінде бірнеше құрылыс нысанын аралап, олардың барысымен танысты.

Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Сапар барысында әкім Назарбаев даңғылының батысында және Ганди көшесінің солтүстігінде орналасқан жаңа скверге барды. Республика күні қарсаңында ашылуы жоспарланған демалыс аймағының құрылысы 97%-ға орындалған. Мұнда қыста мұз айдыны ретінде пайдаланылатын тоған, серуендеу және жүгіру жолдары, жарықтандыру және автосуару жүйелері орнатылып жатыр. Сонымен қатар 300-ден астам ағаш пен бұта отырғызылған.

Дархан Сатыбалды нысандағы жарық шамдарының санын көбейтіп, көгалдандыру кезінде жергілікті өсімдіктерге басымдық беруді тапсырды. Әкім одан әрі «Алтын Сити» және «Жеті Қазына» тұрғын кешендеріндегі мектеп құрылысымен танысты. Екі жоба да «Келешек мектептері» ұлттық бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр.

«Алтын Сити» кешенінде 1 500 орындық мектептің дайындығы 70%-ға жеткен. Ал «Жеті Қазынадағы» 2 000 орындық мектептің құрылысы 40% деңгейінде. Екі нысан да жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Дархан Сатыбалды құрылыс қарқынын арттырып, барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.