Декреттен кейін еңбек демалысына қалай шығуға болады?

Не болды?

«Әйел декрет демалысынан кейін ақылы еңбек демалысына шыға ала ма?» «Бұл заңға қайшы емес пе?». Бұл сұраққа еңбек инспекциясы комитетінің бас сарапшысы Жеңіс Рүстемов жауап берді.

Мәлімет

Жеңіс Рүстемовтің айтуынша, бала күтіміне байланысты демалыстан шыққан әйел басқа қызметкерлер сияқты жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына шығуға құқылы.

Қазақстанның еңбек кодексі бойынша, ақылы еңбек демалысына еңбек өтілі бар азаматтар ғана шыға алады. Еңбек өтіліне мына кезеңдер кіреді:

  • жұмыс істеген уақыт;
  • қызметкердің лауазымы мен жалақысы (толық немесе ішінара) сақталған кезеңдер;
  • жүктілік және босану демалысындағы уақыт;
  • жұмысқа қайта тұрғанға дейінгі кезең.

Министрлік өкілінің айтуынша, жалақы сақталмайтын демалыс еңбек өтіліне кірмейді. Сондықтан жұмыс беруші еңбек демалысын не аванс ретінде, не тек жұмыс істелген уақытқа пропорционал түрде бере алады. Демек, декреттен кейін тек бірнеше ай жұмыс істесеңіз, компания толық еңбек демалысы емес, оның бір бөлігін ғана ұсынуы мүмкін.

Еңбек демалысын беру тәртібі ұйымның ішкі саясатында және еңбек шартында нақты көрсетіледі. Сол себепті демалысқа қатысты барлық мәліметті алдын ала нақтылап алған жөн.

Естеріңізге салайық, енді декретке «миллионмен» шыға алмайды. Декрет төлемі өзгерді.