Үш мереке – бір тарих: Республика, Тәуелсіздік және Конституция күндерінің айырмасы қандай?

25 қазанда еліміз Республика күнін атап өтеді. Бұл – еліміздің тарихындағы аса маңызды күндердің бірі. Дегенмен кейде жұрт оны Тәуелсіздік күнімен немесе Конституция күнімен шатастырып жатады. Baribar.kz осы үш мерекенің айырмасын түсіндіріп береді.

Республика күні

1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің жоғарғы кеңесі «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация» қабылдады. Бұл Қазақстан өз заңы бойынша дербес шешім қабылдайтын егемен ел екенін баяндап жазған алғашқы тарихи құжат болды.

Онда елдің тәуелсіз екені, енді өз бетімен экономикалық саясатын жүргізетіні, өз жеріндегі табиғи ресурстарға өзі иелік ететіні және халықаралық қатынастарда тең құқылы субъект екені жазылды. Сол себепті декларация қабылданған 25 қазан Республика күні болып бекітілді.  

Тәуелсіздік күні

Алайда 2001 жылы Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды. Оның екі себебі бар. Біріншіден, 1991 жылғы 16 желтоқсан «Тәуелсіздік күні» деп бекітілген соң, 25 қазанның мәні екінші қатарға ығысып қалды. Себебі Тәуелсіздік күнінде ел егемендігі ресми түрде мойындалып, жарияланды. Ал Республика күні көбіне сол егемендікке жету жолының алғашқы қадамы ретінде саналды. Сол себепті билік екі мерекенің мағынасы ұқсас деп шешіп, Тәуелсіздік күнін ғана қалдырып, Республика күнін жұмыс күніне айналдырды. 

Екіншіден, елде мемлекеттік және кәсіби мерекелер тым көп болған соң, билік мерекелер күнтізбесін оңтайландыруды жөн көрген еді. 

Дегенмен біраз уақыттан соң қоғамда «25 қазан – біздің мемлекет болып қалыптасуымызға негіз болған дата. Оны ұмытпауымыз керек» деген пікір күшейді. Сөйтіп, 2022 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күнге ұлттық мереке мәртебесін қайтарды.

Конституция күні

Ал 1995 жылғы 30 тамызда Қазақстанның бас заңы – Конституциясы қабылданды. Конституцияда мемлекет құрылымы, басқару жүйесі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары нақты жазылды. Қазір шеші осы заң аясында шығады.

Қорытындыласақ, Республика күні – тәуелсіздіктің алғашқы қадамы, Тәуелсіздік күні – Қазақстан ресми түрде егемен мемлекет деп жарияланған күні, Конституция күні – ел азаматтарының әрекетін реттейтін, құқығын қорғайтын негізі заң қабылданған күн.