Түркістан облысында адасып кеткен туристер құтқарылды

Түркістан облысында құтқарушылар адасып қалған туристерге көмекке барды. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Төлеби ауданының таулы аймағында Қарағанды облысынан келген туристер адасып кеткен. Олар автокөлікпен жүрген және кері жолды таба алмаған. Көлікте төрт адам, оның ішінде екі бала болды, — делінген хабарламада.

Оқиға орнына ТЖД жедел-құтқару жасағы шұғыл жетті. Байланыстың тұрақты болмағанына қарамастан, геолокация арқылы туристердің орналасқан жері анықталды.

Адасқандар 1800 метр биіктікте орналасқан «Ақсу» каньоны аумағынан табылды. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ. Құтқарушылар оларды қауіпсіз автожолға дейін шығарып салды, содан кейін туристер өз көлігімен жолын жалғастырды.