Almaty Puppet Festival – 2025: 11 елдің қуыршақ шеберлері Алматыда бас қосты

2025 жылғы 10–14 қазан аралығында Алматыда қуыршақ өнерінің үздік шеберлері бас қосқан III халықаралық Almaty Puppet Festival – 2025 өтті.

Мәдени іс-шара Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен және Мемлекеттік қуыршақ театрының ұйымдастыруымен өтті.

Биылғы фестивальге Италия, Испания, Иран, Үндістан, Ресей, Болгария, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстаннан келген 15 театр ұжымы мен 150-ге жуық қуыршақ шебері қатысты. Көрермендер түрлі елдің мәдениеті мен қуыршақ өнерінің заманауи бағыттарымен танысты.

Қазылар шешімі бойынша бас жүлдені Испанияның Minusmal театрының «Нил» қойылымы иеленді. Сонымен қатар Ресейдің Рязань қуыршақ театры «Үздік режиссер» атанса, Италияның Халықаралық театр орталығы «Үздік актерлік ансамбль» номинациясын жеңіп алды.

Қазақстандық театрлар да жүлдесіз қалған жоқ: Қарағанды облыстық академиялық драма театры «Үздік суретші», ал Көкшетаудағы Шахмет Құсайынов атындағы театр труппасы «Жаңа сахналық ізденісі үшін» марапаттарын иеленді.

872619f9002873df18e0b8ca42b90d08 Almaty Puppet Festival – 2025: 11 елдің қуыршақ шеберлері Алматыда бас қосты
Almaty Puppet Festival – 2025

Фестиваль аясында қуыршақ театрының теориясы мен тәжірибесіне арналған шеберлік сағаттар мен дәрістер ұйымдастырылды. Қатысушылар «Қуыршақ шеберлерінің қол энергиясы» және «XXI ғасырдағы қуыршақ театрының жаңа кеңістіктері» тақырыптарында пікір алмасты.

Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры Алмат Амангелді фестивальдің мәдени маңызын атап өтті.

Бес күн бойы қуыршақ театрының әлемі жаңа бояулар мен идеяларға толы болды. Көрермендер түрлі елдің мәдениетін танып, шығармашылық қуатты сезінді, — деді Алмат Амангелді.

Айта кетейік, биыл Қазақстанның Мемлекеттік қуыршақ театры өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр.