Үкімет басшысы несие нарығын тұрақтандыруды тапсырды

Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысында тұтынушылық несие беру ісін тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдау қажет екенін айтты.

Инфляция деңгейін төмендету үшін тұтыну бағаларын тұрақтандыру жұмысын күшейту керек. Инфляцияға сырттан келетін азық-түлік бағалары қысым көрсетіп отыр. Сондықтан ішкі нарықты отандық өніммен барынша қамтамасыз етіп, азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорларын жедел қалыптастырған жөн. Мемлекет басшысы атап өткендей, тұтынушылық несие беру ісін тұрақтандыру бойынша батыл шаралар қабылдау қажет, — деді үкімет басшысы.

Олжас Бектеновтің айтуынша, банктер мен несие ұйымдары, сонымен қатар сауда орындары тауар бағасындағы бөліп төлеудің нақты құнын және барлық артық төлемді ашық көрсетуге тиіс.

Бұл бағытта бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет, — деді премьер-министр.