Қарағанды облысында ірі есірткі тасымалдау арнасын әшкерелеу барысында 75 жастағы қала тұрғынын ұстады.
Бұл туралы Polisia.kz хабарлап отыр.
Жедел іс-шаралар кең ауқымды «Қарасора» іс-шарасы аясында жүргізілді. Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктінің тыйым салынған заттарды алып өтуі мүмкін екені анықталған. Теміржол вокзалында жүргізілген тінту кезінде оның қол жүгінен өсімдік тектес есірткі заттары – шамамен 20 келі марихуана мен гашиш тәркіленді.
Одан бөлек, вокзал маңында тұрған күдіктінің автокөлігін тексеру барысында багаждан орауыш таспамен қапталған екі ірі брикет табылды. Сараптама қорытындысына сәйкес, олардың ішінде де марихуана болған. Жалпы тәркіленген есірткі заттарының салмағы шамамен 20 келі болды, — делінген хабарламада.
Қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Сонымен қатар полиция өзге тұлғалардың қылмыстық әрекетке қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
