«Халық қатысатын бюджет» жобасы: Алматы халқы 4 632 өтінім берді

Алматыда «Халық қатысатын бюджет» жобасына өтінім қабылдау аяқталды. Бұл туралы «Алматы даму орталығы» хабарлап отыр.

Науқан 1 қыркүйектен 30 қыркүйекке дейін өтті. Осы уақыт ішінде қала тұрғындары 4 632 бастама ұсынды. Алматы тұрғындары аумақты көгалдандыру, аула мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, тротуар мен арықты жөндеу, балалар және спорт алаңдарын орнату бойынша жоба ұсынды. Сонымен қатар қаланы таза әрі жайлы етуге бағытталған идеялар да бар. Өтінімдер онлайн форматта Budget.open-almaty.kz платформасында қабылданды, — делінген хабарламада.

Қатысу шарттары:
  • бір адам — бір өтінім — бір нысан;
  • нысан жалпыға ортақ болуы және өтінім берушінің ауданында орналасуы тиіс;
  • жобада ең көп бюджет — 294,9 миллион теңге.
Келесі кезеңдер:
  • 1-12 қазан: аудан әкімдіктері жанындағы сарапшылар жобаларды тексереді;
  • 19 қазанға дейін: авторлар идеясын пысықтай алады;
  • 20-26 қазан: жаңартылған өтінімдер қаралады;
  • 27 қазан — 9 қараша: тұрғындардың дауыс беруі;
  • 10-16 қараша: қорытынды шығару;
  • 17-18 қараша: бюджет өтінімдерін қалыптастыру;
  • 2026 жыл: жеңімпаз жобаларды жүзеге асыру.