Жүздеген Ресей азаматы Қазақстанға кірмей-ақ, ЖСН алған

Не болды?

Шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) беру бойынша заң бұзылғаны анықталды. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Мәлімет

Солтүстік Қазақстан облысында азаматтарға қызмет көрсету мекемесі заң талаптарына қайшы түрде, Қазақстан Республикасының аумағына келмей-ақ, шетел азаматтарына ЖСН алуға 720 өтінім рәсімдеген.

Прокурорлық қадағалау актісі негізінде кінәлі тұлғалар заңда белгіленген жауапкершілікке тартылды, берілген ЖСН-ларды жарамсыз ету бойынша жұмыс жүріп жатыр.

Бұрын не болған?

Биылғы 19 қыркүйектен бастап тергеушілер Қазақстан банктерінің картасын қашықтан рәсімдеген Ресей азаматтарын шақыра бастаған. Қазақстан банктерінің клиенттері Ресейдің полиция бөлімдеріне шақырылған. Олардың мәліметінше, Қазақстан ЖСН-сын алуға мыңдаған Ресей азаматы мүдделі.

Оларға ЖСН не үшін керек?

2023 жылдан бері картаны қашықтан рәсімдеу мүмкіндігін тек арнайы сервистер емес, Ресейдің ірі қаржы ұйымдары да ұсынып келеді. Бұл үшін Қазақстанның ЖСН-сын алып, паспорттың фотосын және өтініштің көшірмесін жіберу қажет.

ҚР ІІМ Ресейдің құқық қорғау органдарынан РФ азаматтарына ЖСН беру заңдылығын тексеруге қатысты ешқандай сұраныс түспегенін мәлімдеді.

Шетел азаматтары ЖСН-ны қалай алады?

ЖСН беру жөніндегі мемлекеттік қызметті ішкі істер министрлігі шетелдегі консулдар арқылы көрсетеді. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі – екі жұмыс күні.

Мысалы, Қазақстанның Екатеринбург қаласындағы бас консулдығының мәліметінше, мемлекеттік қызметті алу үшін өтініш беруші консулдыққа жеке өзі барып, мына құжаттарды тапсыруы қажет:

  • өтініш;

  • шетел паспортының түпнұсқасы және көшірмесі (шетел паспорты болмаса, ішкі паспорттың нотариалды куәландырылған, иесінің аты-жөні латынша көрсетілген аудармасы).

Анықтама

ЖСН – жеке тұлғаға, соның ішінде жеке кәсіпкерге берілетін бірегей нөмір. Ол бір рет беріледі және ЖСН иесі туралы ақпаратты Қазақстанның мемлекеттік органдарында сақтау үшін қажет.

Шетел азаматы Қазақстан шекарасынан шығып кетсе, ЖСН шартты түрде тоқтатылады. Ал қайта кіргенде жаңа ЖСН жасалмай, бұрынғысы қайта іске қосылады.