Абай облысына АЭС салу. Президент Курчатовтағы ғылыми қалашықтың жоспарын әзірлеу қажет екенін айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына АЭС салу перспективасын ескере отырып, Курчатовтағы ғылыми қалашықтың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеу қажет екенін айтты.

Президент қазір жер қойнауын игеріп жатқандар табысының бір пайызын ғылымды дамытуға бөліп жатқанын айтты.

Бұл салық емес, мұны еліміздің технологиялық әлеуетін арттыруға үлес қосу деп түсінген жөн. Үкімет осы қаражаттың бір орталықтан үнемді, тиімді әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз етуге тиіс. Атом саласын зерттейтін ғылыми қалашықтар салуға ерекше назар аудару қажет. Алматыдағы Ядролық физика институты базасында көп мақсатты зерттеу реакторын салу мүмкіндігін қарастырған жөн. Жалпы, институттың әлеуеті жоғары. Еліміздің жаңа ғылыми қалашығын осы мекеменің негізінде құруға болады, – деді президент Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес отырысында.

Тоқаев мемлекеттің қаржылық мүмкіндіктерін ескеріп, құны бірнеше миллиард тұратын жобаларға шашылмаған дұрыс екенін де айтты.

Бұл осыған ұқсас басқа да жобаларға қатысты. Абай облысында АЭС салу перспективасын ескере отырып, Курчатовтағы ғылыми қалашықтың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеу қажет. Бұл жұмысқа Ғылым академиясы, облыс әкімдігі және Ұлттық ядролық орталық атсалысқаны жөн. Онда инженерлік және өндірістік нысандарды орналастыру үшін жағдай жасау керек. Ядролық инфрақұрылымды нығайту үшін де мемлекет-жекеменшік серіктестігінің тиімді тетіктерін әзірлеу міндеті тұр, — деді мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, тағы бір маңызды бағыт – ядролық медицинаны дамыту.

Озық ядролық технологияларды қолдану арқылы ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін айтарлықтай арттыруға болады. Бұл, әсіресе, онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге жол ашады. Үкіметтің міндеті – отандық радиофармацевтикалық препараттарды әзірлеуді және қолданысқа енгізуді қамтамасыз ету. Жетекші емханалар мен университеттер жанынан да ядролық медицина орталығы желісін құру қажет, – деді президент.

Естеріңізге салайық, екінші АЭС-ны Қытай ұлттық ядролық корпорациясы салмақ. Мамандар құрылыс нысаны болуы мүмкін деп Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласын айтып отыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да