Тоқаев: АЭС-ы салғанда үкімет еліміздің мүддесін ескеруі қажет

Мемлекет басшысы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысына қатысып жатыр. Ол таяуда елімізде алғашқы атом электр станциясын салу бойынша жұмыс басталғанына назар аударды.

Жобаны халықаралық консорциум жүзеге асырады. Оның жетекшісі – «Росатом» компаниясы.

Үкімет осы компаниямен келіссөздер өткізген кезде әрдайым еліміздің мүддесін ескеруі қажет, келісімдердің барлығы әділетті, теңгерімді, тиімді болуы керек. Табиғи байлығымызды, яғни уранды талан-таражға салуға болмайды. Бүгін мен мұны ғалымдардың және бүкіл ғылым қауымдастығының алдында әдейі айтып отырмын. Бұл – аса маңызды мәселе, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент атом энергетикасын дамытуға стратегиялық минералды ресурстар керек екенін айтып өтті. Әлемдегі уран қорының 40 пайызы қазақ жерінде жатыр.

Атом станциясы салынған соң уранның экономикадағы рөлі түбегейлі өзгереді. Бұрын экспортқа ғана кетіп жатқан бұл байлық енді ішкі нарықтың қажетіне жарайтын болады. Енді ядролық отын цикліндегі өңдеу үлесін арттырамыз. Мысалы, 2021 жылы елімізде жылу бөлетін тораптар шығаратын зауыт ашылды. АЭС бұл саладағы өндірістік циклді толық аяқтауға мүмкіндік береді. Соның арқасында атом энергетикасы сыртқы нарыққа тәуелсіз, ұлттық салаға айналмақ, — деді президент.

Естеріңізге салайық, алғашқы АЭС-ны «Росатом» Алматы облысындағы Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылында салады. Ал екінші АЭС-ны Қытай ұлттық ядролық корпорациясы салмақ. Мамандар құрылыс нысаны болуы мүмкін деп Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласын айтып отыр.

Үшінші атом электр станциясын да Қытай салады.

Елімізде алғашқы АЭС-ға атау беру байқауы басталды.