Алматыда бірнеше адам Amir Capital қаржы пирамидасын құрды және оны басқарды деген күдікке ілінді, олардың бірі қамауға алынды.
Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігі хабарлап отыр.
Өзін халықаралық инвестициялық қор ретінде таныстырған Amir Capital компаниясы үш жыл бойы Қазақстан, Беларусь, Ресей және Қырғызстан азаматтарынан криптовалюта саудасы, майниң және түрлі жобаларға инвестиция салу арқылы 5–10% мөлшерінде табыс уәде етіп, қаржы тартқан.
Инвесторлар компанияның ресми сайты арқылы жолданған реферальды сілтеме бойынша тіркелген. Жеке кабинеттерді толтыру криптовалюта түрінде (USDT, BTC, ETH) Amir Wallet әмияны арқылы жүзеге асқан, — деп жазылған хабарламада.
Түскен қаражат қаржы пирамидасының принципі бойынша бөлініп отырған — яғни, бұрын тіркелген қатысушыларға төлемдер кейінгі салымшылардың қаржысы есебінен төленген. Нәтижесінде аталған пирамидаға 40-тан астам адам тартылған.
2021 жылдың соңында салымшылардың amir.capital платформасындағы жеке кабинеттерінен қаражат шығару мүмкіндігі шектелген. Ұйымдастырушылар бұл жағдайды техникалық ақаулармен түсіндіріп, төлемдерді қайта бастауға уәде бергенімен, қаражатқа қол жеткізу мүмкіндігі қалпына келтірілмеген.
Сот құны 10 млн АҚШ долларынан асатын криптоактивтер мен Алматы облысындағы жер телімін бұғаттауға санкция берді, — дейді агенттік.
Күдіктілердің бірі екі айға қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр. ҚР қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.
