Не болды?
Алматыда трамвайды қайта іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы «SHARE» халықаралық архитектура форумында «Алматыбасжоспар» директоры Асхат Сәдуов мәлімдеді.
Мәлімет
Трамвай қалаға «Барлық» базарынан Төле би көшесі бойымен қайта жүреді. Біз оны әуежай бағытына қарай созамыз. Осылай, қаланың батысы мен шығысын байланыстырамыз. Міндетіміз – адамдарға полицентрлер арасында 20 минут ішінде қозғалуға мүмкіндік беру. Бұл – әлемдік тәжірибе әрі ақылға қонымды шешім. Бұл EPC+F (жобалау, салу және қаржыландыру) форматы болса, онда бес жыл ішінде трамвайды іске қосуға мүмкіндік бар. Құрылыс қаншалық ұзаққа созылса, соғұрлым қымбатқа түседі, – деді ол.
Қазір жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Сәдуовтың айтуынша, іске асыру мерзімі келісімшарт форматына және қаржыландыру көзіне байланысты.
Контекст
Трамвайлар Алматыда 2015 жылғы бірқатар апаттан кейін тоқтаған еді.
2015 жылғы 21 қыркүйекте Шевченко мен Масанчи көшелерінің қиылысында вагонның тежегіші істен шығып, 17 көлікті соққан, бес адам зардап шеккен. Араға үш апта салып, Сейфуллин мен Мақатаев көшелерінде де апат болды: трамвай 14 автокөлікке соғылып, төрт адам жарақат алған. Осыдан кейін оның қозғалысы тоқтады.
2018 жылы трамвайлар түгел сатылды. Сол жылы трамвай рельстері де металға өткізілген еді.
Алматы трамвайының тарихын мына жерден оқуға болады.
