Зейнеткерді итеріп жіберген Амантай қажы жазаланбайтын болды

Алматылық зейнеткерді итеріп жіберіп, оның денсаулығына зақым келтірген атышулы Амантай қажы жазаланбайтын болды.

Бұл туралы КТК хабарлап отыр.

Ол жәбірленушіге моральдық және материалдық шығынын өтеп, қос тарап татуласып тарқасқан.

83 жастағы қажыға қатысты іс Алмалы ауданының сотында қаралған. Оған жәбірленуші Биғайша Бектенбаева қатысқан жоқ. Ол істі тоқтату туралы өтініш беріпті.

Зейнеткер әйелдің қандай сомада өтемақы алғаны белгісіз. Тараптардың бір-біріне шағымы болмаған соң, судья да істі тоқтату туралы шешім шығарды, — делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Амантай қажының Алматыдағы ғимараттардың бірінің кіреберісінен әйел адамды итеріп жіберген видеосы тараған болатын. Әйелдің жамбасы сынып, оған төрт сағат бойы ота жасалған.