Алматыда полиция халықаралық пошта арқылы есірткі жеткізу әрекетінің жолын кесті. Бұл туралы ІІМ хабарлап отыр.
ІІМ мәліметінше, АҚШ-тан келген сәлемдемеден өсімдік тектес тыйым салынған заттың қомақты мөлшері анықталған.
Алматы қаласы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев мұндай жағдай алғаш рет болып тұрмағанын атап өтті.
Бұл – жалғыз дерек емес, мұндай фактілер бұған дейін де тіркелген. Біз мұндай құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін жүйелі жұмыс жүргізе береміз. Заң бәріне ортақ, ал жазаның бұлжымайтындығы – біздің қызметіміздің басты қағидаларының бірі, – деді ол.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Полицияның мәліметінше, ол қамауға алынған.
