Бүгін үш қалада ауа сапасы нашарлайды

«Қазгидромет» РМК Қазақстан қалаларындағы ауа сапасына болжамын жариялады.

Синоптиктердің мәліметінше, 9 қаңтарда Астана, Ақтөбе және Жезқазған қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты ауаның ластануы күтіледі. Бұл қалаларда ауа райы атмосферада ластаушы заттардың жиналуына ықпал етеді.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар — атмосфералық ауаның беткі қабатында зиянды заттардың шоғырлануына ықпал ететін қысқа мерзімді метеофакторлардың (тымық ауа райы, жеңіл жел, тұман, инверсия) жиынтығы. ҚМЖ жағдайында елдімекендердегі атмосфералық ауаның сапасы нашарлауы ықтимал.