Ауа райына байланысты Астана-Жезқазған әуе рейсі тоқтатылды

Елордадағы қолайсыз ауа райына байланысты Астана-Жезқазған бағытында ұшатын рейс тоқтатылды. Бұл туралы азаматтық авиация комитеті хабарлады. 

Бүгін жауған қалың қар мен қатты жел әуе тасымалына да өз ықпалын тигізді.

Мұндай ауа райында авиациялық қауіпсіздік мақсатында авиакомпаниялардың шешімімен әуе рейстері тоқтатылуы немесе кешіктірілуі мүмкін. Дәл қазір әуежайдың әуеайлағында қатты жел соғып тұр. Оның жылдамдығы 11 м/с, алайда желдің екпіні 16м/с дейін жетіп тұр. Бүгін елорда әуежайында 75 рейс жоспарланған болатын. Оның 12 рейсі кешікті, — делінген хабарламада.

Әуеайлақты қалың қардан тазалау жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр. Қазір бұл жұмыстарға 10 арнайы техника жұмылдырылған.

Рейстер туралы ақпаратты Астана халықаралық әуежайының ресми сайтынан nn-airport.kz қарауға болады. Сонымен қатар елорда әуежайында тәулік бойы байланыс орталығы жұмыс істейді: 8(7172)702-999.