Алматыны қар басты: бір түнде 33 жол апаты болды

Алматыда қолайсыз ауа райынан бір түнде 33 жол апаты болды. Осыған байланысты тәртіп сақшылары жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге үндеу жасады.

Бұл туралы Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Серік Шумаев мәлімдеді.

Бұл үндеу негізінен көлік басқаратын қала жүргізушілеріне арналған. Біз оларды жол ережесін қатаң сақтауға, жүргізуші мәдениетін танытуға және мұқият болуға шақырамыз, — деді Серік Шумаев.

Полиция мәліметінше, 11 желтоқсан сағат 20.00–ден 12 желтоқсан таңғы сағат 06.00 аралығында Алматы жолдарында 33 жол апаты тіркелді, төртеуінде жарақат алғандар бар.

Сонымен қатар ауа райының нашарлауына және қар жаууына, ауа температурасының төмендеуіне байланысты жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізушілер мен көлік иелерін көлік дөңгелектерін қысқысына ауыстыруды шақырамыз, — деді полиция өкілі.