Үкімет диқандардан астық сатып алуға 31,4 миллиард теңге бөлді

Премьер-министр Әлихан Смайылов үкімет резервінен отандық аграрийлерден 4-ші, 5-класты және классыз бидай сатып алуға қаражат бөлу туралы қаулыға қол қойды.

Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Қаражат азық-түлік корпорациясының қазақстандық аграрийлерден 350 мың тонна 4-ші, 5-класты және классыз бидайды тікелей сатып алуына бөлініп отыр. Қаражат көлемі 31 миллиард 375 миллион теңге, — делінген хабарламада.

Биыл 16,9 миллион гектар алқаптан дәнді және бұршақ дақылдары жиналды. 9,8 ц/га орташа өнімділікте 16,6 млн тонна бидай, оның ішінде орташа өнімділігі 8,6 ц/га 11,5 миллион тоннаға жуық астық бастырылды.

Сонымен қатар егін орағы кезінде үздіксіз жауған жауын-шашын жұмыстың қарқыны мен өнім сапасына әсер етіп, шаруалар қиын жағдайға тап болды. Орын алған жағдай ауыл тұрғындарының жиналған өнімді өткізуіне, сәйкесінше, келісімшарттар бойынша міндеттемелерін орындауға кері әсерін тигізді.

Қазіргі уақытта өткен жылдан қалған көлем мен ішкі тұтынуды ескере отырып, жиналған өнім отандық нарықты қамтамасыз етуге және белгілі бір көлемде экспортқа, оның ішінде ұн түрінде жөнелтуге жеткілікті.