Балалар қауіпсіздігі бақылауда

Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысы Полиция департаментінің басшысы Мұрат Қабденов аптаны мектептердің қауіпсіздік жүйесін тексерумен бастады.

Облыстың бас полицейі Түркістан қаласындағы М.Пошанов атындағы №21 мектепке барып, білім басқармасының мамандары, мектеп директоры және ұстаздар қауымымен тілдесті. Генерал білім ұясында орналастырылған «дабыл батырмасын» басып, қызметін бақылады. Дабыл болған кезде полиция нарядының неше уақытта келетінін және қалай әрекет жасайтынын тексерді. Аталған оқу орнындағы бейнекамераларды қарап шығып, бекітілген күзет қызметкеріне жүктелген жауапкершіліктерді түсіндірді. Мектептегі қауіпсіздікке толық көз жеткізген соң, генерал оқушыларды Полиция департаментін экскурсиялауға шақырды.

Департаменттің қыз — меткерлері 100 оқушы мен ұстаздарға арнап құқық бұзушылықтың алдын алу тақырыбында үлкен залда сабақ өткізді. Сабақ барысында департамент басшысы жасөспірімдерге тәртіпті болу керектігін, ойынқұмарлық, нашақорлық, зорлық-зомбылық пен әлімжеттіктің залалы туралы айтып, болашақта ардақты азамат болатындарына сенім білдіретінін жеткізді. Одан кейін сөз кезегін алған Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Жандос Маханбетұлы полиция тарапынан жасөспірімдерге арналған маңызды кездесулердің жиі ұйымдастырылып, қолдау болып жатқанын атап өтті. Осындай екіжақты байланыстың жолға қойылуы білім ошақтарындағы тәртіп пен балалар қауіпсіздігінің кепілі екені даусыз.

Шара барысында білім алушыларға әмбебап тәртіп сақшылары өнерлерін, спортты серік еткендері өздерінің дайындықтарын көрсетсе, департаменттің алаңшасында балаларға қару-жарақтар, қызметтік көліктердің қызметі мен цифрландыру бағы тындағы жұмыстар таныстырылды. Жедел басқару орталығына да аялдаған балалар өздерін полиция қызметкерлері қалай бақылап отыратынын, бейнекамералардың қызметін көріп, танысты.

Тәлім-тәрбиелік маңызы бар шара соңында оқуда озат оқушылар мен олардың ұстаздары полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтің атынан алғысхатпен марапатталды. Айта кеткен жөн, Түркістан облысының полицейлері балалар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында түрлі кездесулер ұйымдастырып, бүгінгі таңда білім ошақтарына барып, құқықтық сауаттылықты арттыру сабақтарын дәстүрлі түрде өткізуде.

Бекбол ҚАЛДЫБЕК
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ