ІІМ: Жол апатынан қаза болған балалар саны 14%-ке артты

10 айда елімізде жол апатынан қаза болған балалардың саны 14%-ке артты. Бұл туралы ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова айтты.

Өкінішке қарай, халықпен жыл сайынғы ағарту жұмыстарын жүргізуге қарамастан балалардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін бір проблемаға – жол-көлік оқиғаларына тап боламыз. Биыл жол-көлік оқиғасы кезінде қаза болған балалардың саны 14%, ал зардап шеккен балалардың саны 3%-ке артып отыр. Зардап шеккен балалардың жартысынан көбі жолаушылар, ал қалғаны жаяу жүргіншілер. Көп жағдайда балалар ересектердің тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін зардап шегеді. Себебі олар автоорындықтар, бустерлер және адаптерлер сияқты балаларды ұстайтын құрылғыларды пайдаланбайды. Балаларға қауіпсіздік деңгейін бағалауды үйренуге және қиын жағдайларда өздерін сенімді сезінуге көмектесуіміз керек, — деді Ақтоты Боранова министрліктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифиңде

Оның айтуынша, баланың жолдағы мінез-құлқы көбінесе ата-анасының мінез-құлқына байланысты. Сондықтан егер ата-аналар жол қауіпсіздігі ережелері туралы сөйлесіп қана қоймай, оларды өздері сақтаса, бұл мінез-құлық бала үшін нормаға айналады.

Жаяу жүргіншілер кінәлі болатын жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі – белгіленбеген жерден жолды кесіп өтуі, жақындап қалған көліктің алдынан жүгіріп өту және бағдаршамның тыйым салу сигналына өту, — деді ол.