Жантуар Сарыбайұлы: Берген антына берік болу

Еліміздің тыныштығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда болатыны сөзсіз. Ал осы айрықша жауапкершіліктің жүгі мемлекеттік күзет қызметіне жүктеледі.

Жалпы күзет қызметінде еңбек ететіндер көп сөйлемейді, көзге түсе бермейді. Дегенмен олар ең әуелі физикалық тұрғыдан шымыр болып келеді. Интеллектуалды тұрғыдан да өзге сала мамандарына қарағанда алғыр болады. Өйткені адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету оңай емес. Сайдың тасындай іріктелген осындай азаматтардың ішінде біздің кейіпкеріміз Жантуар Сарыбайұлы да бар.

Жантуар Сарыбайұлы Шымкент қаласы және Түркістан облысының мамандандырылған күзет қызметі басқармасы мемлекеттік мекемесінің 1-полиция батальонының (Шымкент қаласы) командирі болып қызмет атқарады. Шені – полиция подполковнигі.
Ол 1973 жылы Ордабасы ауданы Бөген ауылында дүниеге келген. 2005 жылы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін құқықтану мамандығы бойынша бітіргеннен кейін Отан алдындағы борышын өтеді. Еңбек жолын Шымкент қаласының Абай аудандық милиция ротасының қызметкері болып бастады.

Жантуар Сарыбайұлы қызметте сатылап өсті. Әуелі 2007 жылға дейін полиция қызметкері болды. Одан кейін взвод командирінің көмекшісі әрі бөлімше командирі болды. Шымкенттегі полиция батальоны, Ордабасы, Бәйдібек, Созақ аудандарының және Түркістан қаласының полиция роталарының командирі, 2-ші полиция батальоны командирінің орынбасары лауазымдарында қызмет атқарды. 2015 жылдан бастап Шымкент қаласының және Түркістан облысының мамандандырылған күзет қызметі басқармасы мемлекеттік мекемесінің 1-полиция батальонының командирі болып қызмет атқарады. Айта кетейік, 1-полиция батальонының жеке құрамымен аса маңызды мемлекеттік, стратегиялық және экономика саласындағы маңызы бар объектілерді күзетеді. Осы объектілердің техникалық жүйелерімен жарақталуын Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 7 қазанындағы №1151 Қаулысының талаптарына сәйкестендіру мақсатында Жантуар Есетов мекеме басшыларымен кездесулер өткізіп, келушілердің жеке заттарын тексеру кезінде қолданатын соңғы үлгідегі құрылғылармен қамтылуына үлкен үлес қосқан. Қызметке қабылданған әрбір жас қызметкермен жеке сұхбат өткізіп, олармен өз тәжірибесімен бөлісіп, бағыт-бағдар беріп отырады. Өзі тәрбиелеген қанша қызметкер бүгінде полиция департаментінде жоғары лауазымдарда қызмет етіп жүр.

Полиция қызметкерінің міндеті – заңдылықтың сақталуын қадағалау, қылмыстың алдын алу. Тәртіп сақшысы үшін заңнан мәртебелі ештеңе жоқ. Сондықтан әр тәртіп сақшысының бойында адалдық пен кәсібилік болуы міндетті.

– Полиция қызметкерлерінің басты ұстанымы – берген антына берік болу, қандай қиындық, кедергі болса да төзе білу. Ал бұл кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Өмір деген қателесу мен қателігіңді түзеуден тұрады. Біз осы салаға бар күш-жігерімізді салып, еліміздің дамуына үлес қосуға әрдайым дайынбыз, – дейді білікті маман.

Қазақстан полициясының қуаты жылдан-жылға арта түсуде. Ішкі істер органдарының мамандандырылған күзет бөлімшелерінің қызметінде жаңа реформалар, мамандардың біліктілігін арттыруда жүйелі жұмыстар қолға алынуда. Жантуар Сарыбайұлы – осындай жауапты кезеңде қызмет атқарып, қоғамдық тәртіпті күзетуде қырағылық танытып жүрген абыройлы азамат.

Тоғжан ЗЕБЕРХАНОВА,
«Оңтүстік Қазақстан».