Уәдеге мығым, қызметке адал азаматтар

Қазақстандағы күзет ұйымдарының қызметкерлері мен ішкі істер органдарының мамандандырылған күзет бөлімшелері 29 қазан күні ресми кәсіби мерекелерін атап өтеді.  Айта кетейік, Мемлекеттік күзет қызметі мемлекеттік маңызы бар тұлғалар мен нысандардың, Қазақстан Республикасы Президентінің, оның отбасы мүшелерінің, лауазымды адамдардың, қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіп, терроризмге қарсы тұру, мемлекеттік рәміздерді қорғау секілді айрықша міндеттерді орындайды.

Бұл міндет әрбір азаматтың ар алдындағы адалдығын сақтаудан бір мысқал да кем емес. Айтулы мерекенің қарсаңында «Шымкент қаласының және Түркістан облысының мамандандырылған күзет қызметі басқармасы» ММ-нің жұмысымен танысып қайттық. Қоғамның тыныштығы үшін уақытпен санаспайтын бұл жігіттер қай кезде де антына берік, уәдесіне мығым, қызметіне адал екенін дәлелдеп келеді.

– Жалпы күзет қызметінің тарихы 1952 жылдан басталады. Былтыр ІІМ қолдауымен 70 жылдық мерекемізді атап өттік. Арнайы кітап шығарып, басқарма кеңсесінен шағын музей бұрышын аштық. Ол жерге бізден бұрын қызмет еткен ағаларымыздың ерлік істерін, жұмыс барысындағы түрлі оқиғаларды, қызығы мен қиындығы аралас өткен күндерден сыр шертетін суреттер мен түрлі жәдігерлер қойылды, – дейді басқарма бастығы, полиция полковнигі Жамалбек Піртаев.

Полковник Жамалбек Піртаев Сайрам ауданының Мәдени елді мекенінде дүниеге келген. Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетін «Дене шынықтыру» мамандығы бойынша бітіріп, Өскемен қаласындағы №3477 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеген. Елге оралған соң ҚР ІІМ Шымкент қаласының және Түркістан облысының «Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы» ММ-ге жұмысқа қабылданады. Содан бергі отыз жылға жуық уақытта аталмыш басқармада түрлі қызметтер атқарып, басшылық қызметке тағайындалған кәнігі офицер.

– Біздің міндетіміз – азаматтардың Конституциялық құқығын және Үкімет  қаулысының тізіміне енген мемлекеттік стратегиялық маңызы бар экономика саласындағы объектілердің қауіпсіздігін қорғау. Сондықтан бірінші кезекте жауапкершілікке баса мән береміз. Кез келген уақытта дабыл берілсе, қай жерде, қандай жағдайда жүргеніміз маңызды емес, дер кезінде оқиға орнына жетуге міндеттіміз. Сондықтан үнемі қырағылықты, ұқыптылықты, физикалық дайындықты қаперден шығармаймыз. Өзім осы саланы қалап келгеннен кейін басқа мамандыққа ауысуды ойлаған емеспін, – дейді полковник.

Жамалбек Гаухарбекұлы қызметкерлерінің сауатты, білікті және физикалық дайындығы өз деңгейінде болуы үшін арнайы кәсіби сабақтар, оқу-жаттығулары, дойбы, армрестлинг, шағын футбол, кір тасын көтеру, қоян-қолтық ұрыс секілді спорттық шаралар ұдайы ұйымдастырылып тұратынын айтады.

– Біздің жігіттер  ІІМ МКҚБ, ПД-нің арасында болатын жарыстарда әрқашан үздіктер қатарынан көрініп жүреді. Мәселен, Орал қаласында өткен Қазақстан Республикасы ІІМ МКҚБ қызметкерлері арасындағы қоян-қолтық ұрысқа қатысқан старшина Қанат Жәнібеков 3-орынға қол жеткізсе, Алматы қаласында өткізілген шахмат жарысынан старшина Данияр Мамедов 2-орынға қол жеткізді. Тізіп айта берсек бұл секілді жетістіктеріміз өте көп, – дейді Жамалбек Гаухарбекұлы.

Басқарма басшысы кейінгі жастардың елге қызмет етудегі адалдығы мен отансүйгіштік қасиетінің жоғары екенін айтады. Қарамағындағы қызметкерлердің әрбірінің жеке басындағы проблемасынан бастап отбасылық жағдайына дейін назар аударады.

– Жеке құрамның оң имиджін қалыптастырып, жас мамандардың кәсіби қалыптасуына көмектесу үшін  басқармада офицерлік, полицейлік және тәлімгерлік топтар жұмыс істейді. Жас мамандарға командирлері мен психологтар дұрыс бағыт-бағдар беріп отырады. Сонымен қатар ІІО-ның ардагерлерін және қоғам қайраткерлерімен түрлі іс-шаралар өткізіп тұрамыз.

Ертеңімізді ойлап жүріп өткенімізді де ұмытпаймыз. Әр кезеңдерде ІІО-да қызмет атқарған ардагерлердің үйіне барып, сый-құрметімізді көрсетіп тұрамыз. Балалар үйіне, тұрмысы төмен отбасылардың балаларына мектепке керекті заттар әперу, ІІО ардагерлер ұйымына көмектесу секілді қайырымдылық іс-шараларын үнемі жүргіземіз. Бұл біздің жас қызметкерлеріміздің идеялық-патриоттық тұрғыдан тәрбиеленуі мен ұлтжандылық қасиетінің қалыптасуына зор септігін тигізеді, – дейді кейіпкеріміз.

Пернебай Сапар, «Оңтүстік Қазақстан» газеті

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да