Алматы тауларында өрттің алдын алуға дрондар қолданылады

Алматының таулы-орманды жерлерінде өрттің алдын алу мақсатында көпфункционалды дрондар іске қосылды.

Бұл туралы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, дронға қосылған тепловизор от жағу орындары мен қауіпсіздік талаптарын бұзғандарды жедел анықтауға көмектеседі. Осыдан соң оларға дереу мобайл топтар жіберіледі. Дрон таулы жерлерде демалушылар жаппай жиналған кезде іске қосылады.

Ұлттық парктің орманды алқабы өзіндік ландшафтымен және жету қиын таулы аймақпен ерекшеленеді, сол себепті мұнда тек авиацияның күшімен ғана өртті сөндіруге болады.

Ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппаратының максималды жылдамдығы сағатына 81 шақырымға жетеді, онда бірнеше жұмыс режимі бар. Ол көлденең сегіз шақырым қашыққа ұшып, теңіз деңгейінен 6 000 метр биіктікке көтеріле алады. Ауа райының әртүрлі жағдайы мен тәуліктің кез келген уақытында тепловизорлық камерасы бар дрондармен тауда адасып кеткен адамдарды тез табуға болады. Сонымен қатар зардап шеккендерге дәрі-дәрмектерді жеткізу мен құтқару тобын оқиға орнына қауіпсіз алып баруға болады. Алматының ТЖД-да сондай тапсырмаларды орындауға арналған үш дрон бар, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, бүгінгі күнге Алматы тауларында 160 от жағу әрекетінің алды алынды, таулы-орманды жерлерде өрт қауіпсіздігі талаптарны бұзғаны үшін 92 жеке тұлға 5 миллион теңгеден асатын әкімшілік жауапқа тартылды.