Түркістан облысында санитария және тазалау жұмысы жалғасып жатыр

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдеріне санитария-тазалық шарасына қатаң көңіл бөліп, нақты жұмыстар атқаруды тапсырған еді. Осы бағытта Кентау, Келес, Сауран, Сарыағаш, Түлкібас аудан, қалаларында берілген тапсырма аясында жаппай сенбілік өтті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Көше бойындағы күл-қоқыс жиналып, аялдамалар мен көше жиегіндегі шарбақтар боялды. Тазалық шарасына аудан, қала әкімдігіне қарасты дербес бөлім, ауыл, ауылдық округтері мамандары белсенді атсалысса, жергілікті тұрғындар да өз аулаларының аумағын тазалады. Наурыз айынан бастау алған сенбілік әлі күнге дейін жалғасуда. Сенбілікте әр мекеме өзіне жүктелген аймақта тазалық жұмыстарын жүргізіп келеді. Мұндағы мақсат – қаланың таза әрі көрікті қалпын сақтау.

Тазалық жұмыстарына техникалар мен адамдар жұмылдырылып, қоқыстарды белгіленген жерге жеткізуде.

Айта кетейік, аудандардағы, қалалардағы тазалық шарасы әр сенбі күні өтеді.