Президент Қытаймен сауда-саттықты 40 миллиард долларға жеткізуді ұсынды

Бүгін Бейжіңде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин келіссөз жүргізді. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен мемлекеттік сапармен келуге шақырып, құрметпен қарсы алғаны үшін ҚХР төрағасы Си Цзиньпинге шынайы ризашылығын айтты. Сонымен қатар оны Қытай Халық Республикасының төрағасы лауазымына қайта сайлануымен құттықтады.

Қазақстан үшін Қытай Халық Республикасының орны – ерекше. Біздің ынтымақтастығымыз мызғымас достыққа және өзара қолдауға негізделген. Екіжақты қарым-қатынасты жандандыру жолындағы мақсатымыз – ортақ. Аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті, өзара ықпалдастықты нығайтуды көздейтін мұратымыз да – бір. Біз үшін Қытаймен мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту өте маңызды, – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытаймен өзара сауда-саттықты 40 миллиард долларға жеткізуді ұсынды.

Бүгінде Қытай – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Былтырғы қорытынды бойынша өзара сауда-саттық көлемі 30 жылдың ішіндегі рекордтық деңгейге жетіп, 31 миллиард доллардан асты. Мұндай қарқынмен біз жақын арада тауар айналымы көрсеткішін 35 миллиард долларға дейін жеткізу мақсатына қол жеткізе аламыз деп ойлаймын. Сондықтан 2030 жылға қарай 40 миллиард долларлық межені белгілеуді ұсынамын. Осы мақсатқа жету үшін біз өзара сауда номенклатурасын кеңейте алар едік, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.