Екібастұздағы жылу мәселесі маусым соңына дейін аяқталмауы мүмкін

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Вадим Лесин қазандықтардың, әсіресе су жылытқыш қазандықтардың жай-күйі тұрақты температура бере алмайтынын мәлімдеді.

Осыған байланысты төмендетілген параметрлер беріліп жатыр және мұндай ахуал жылу беру маусымының соңына дейін жалғасуы мүмкін. Төтенше жағдай кезінде болған желілердегі ақауларды жойдық. Көрсеткішті жақсарту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ негізгі желілердегі лай қазандықтарға түсіп, экранды беткейлерде айналымды бұзды, — деді ол.

Вадим Лесиннің айтуынша, қаңтар айы бойы ЖЭО қызметкерлері мен мердігерлер станция жұмысын тұрақтандырумен айналысқан. Бірақ тұрақты параметрлерді алты күн ғана ұстап тұру мүмкін болған. Қазір ЖЭО-да 120-ға жуық адам тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.