Бұл туралы Бауыржан Байбектің заңгері өзінің Facebook-парақшасында егжей-тегжейлі айтып берді.
Заңгер сот кабинетінде Е.Қалиевтің Алматының Әуезов аудандық №2 сотының Ж.Мамай мен И.Иманбаевадан мемлекет кірісіне әрқайсысынан 140 016 теңгеден өсімпұл өндіріп алу туралы шешіміне қатысты Алматы сотының апелляциялық алқасына жазған жеке шағымдарын алғанын да айтты.
Еске салайық, Б.Байбектің ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау туралы Ж.Мамай мен И.Иманбаеваға талап-арызы бойынша 2 сот инстанциясының шешімдеріне сәйкес жауапкерлер 876 402 теңге көлемінде сот шығындарын мәжбүрлі түрде төлеген болатын. Алайда, апелляция шешім шығарған сәттен бастап 2 айдан астам уақыт өтсе де жауапкерлер талап-арыздың негізгі талабы – Бауыржан Байбек туралы жалған материалдарды жоққа шығаруды және оларды жоюды әлі орындаған жоқ.
Осыған байланысты сот орындаушысы Ж.Мамай мен И.Иманбаевадан сот шешімін орындамағаны үшін мемлекет кірісіне өсімпұл өндіріп алу туралы сотқа өтініш жасады. Ол 5 қазанда қанағаттандырылды. Енді борышкерлер тарапы оның күшін жоюға тырысып жатыр, – деп түсіндірді заңгер.
Жеке шағымдармен толық танысқан Айжан Тәшенова борышкерлер өкілінің кәсіби деңгейіне күмәнмен қарады. Өйткені оның айтуынша Ерлан Қалиев жалаң эмоциямен 2 инстанцияда дәлелденген фактілерге қарсы шығуға тырысып отыр екен. Одан бөлек Қалиев заңға сәйкес сот шешімінің күшін жою үшін құқықтық негіз болуы мүмкін бірде-бір дәлел келтірмеді. Айжан Тәшенова заңда мұндай мәселелер үшін жеке тәртіп қарастырылған және сот оларды осы процесте қарастыруға құқылы емес екендігін атап өтті.
Өтініштің өзі Азаматтық процесстік кодекстің 441-бабының талаптарына сәйкес келмейді. Атап айтқанда, материалдық және іс жүргізу құқығы нормаларын нақты бұзушылықтар көрсетілмеген, шығарылған сот актілерінің дұрыс еместігі туралы дәлелдер келтірілмеген. Мәтін Алматы қаласы әкімдігі мен прокуратурасының лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекеттері-мыс деген жалпы тұжырымдарға келіп саяды. Осындай дәйексіз уәжге орай Бас прокуратура Қалиевтің өтінішін қанағаттандырудан бас тартады деп ойлаймын, – деді заңгер.
Айжан Тәшенованың ойынша, Мамай мен Иманбаеваның бұл қылықтары қоғамдық пікірді бұрмалауға, өздерін «жүйенің құрбандары» ретінде көрсетуге, процесті барынша созуға және жауапкершіліктен жалтаруға бағытталған айласы деп тануда. Дәл осы мақсатта олар әртүрлі мемлекеттік органдар мен инстанцияларға мүлдем негізсіз, оларды қараудан бас тарту ғана күтілетін қисынсыз хаттар мен өтініштерді жаудырып жатыр.
Бұл орайда заң бойынша мүмкін болатын жалғыз қадам – соттардың шешімдерін Жоғарғы сотқа кассациялық қайта қарау туралы нақты заңды аргументке негізделген өтініш беру. Бірақ, Мамай мен Иманбаевада қандай да бір дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, онда да оны қараудан да бас тартатынын алдын ала болжауға болады. Борышкерлердің нигилистік ұстанымы, сот шешімін көпшілік алдында және қасақана орындамауы бізді Мамай мен Иманбаева Алматы көшелерін сыпыратын басты шоуға жақындата түсуде деп санаймын, – деп сөзін түйіндеді Айжан Тәшенова.
