Нұр-Сұлтан әуежайы мен вокзалында вакцинация пункті ашылды

Бұл туралы Нұр-Сұлтан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Осы тармақтарда бірінші және екінші компонентті екпелерді алуға болады. Вакциналардың қолда бар дозаларымен егуге болады. Бүгінде астанада екпелердің 3 түрі бар: ресейлік «Спутник V», отандық QazVac вакцинасы және қытайлық Sinopharm VeroCell препараты.

Жалпы, қалада бірінші компонентпен тиісті контингенттің 66%-тен астамы қамтылған. Осы жұмысты жақсарту және халықты көбірек қамту мақсатында біз вакцинация пунктерін тағы екі ұйымда – көптеген азаматтар жиналатын жерлерде орналастырамыз, — делінген денсаулық сақтау басқармасы таратқан хабарламада.

Вакцина пункті
Фото: Нұр-Сұлтан әкімдігі

«Нұрлы жол» теміржол вокзалындағы вакцинация аймағы 4-қабатта, әуежайда 1-қабатта халықаралық және ішкі терминал арасындағы өткелде орналасқан. Жұмыс кестесі күн сайын сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін.

Коронавирус инфекциясына қарсы екпе алуда халыққа қолайлы болу үшін барлық шара қабылданды. Азаматтар екпенің көмегімен ғана пандемияны жеңе алатынымызды есте сақтаса екен деймін. Біз инфекцияны жеңуге жақындап қалдық деуге болады, бірақ вирус әлі де бар. Барлығы өзіміздің қолымызда – вакцинацияға саналы қарым-қатынас таныту, коронавирус ауруын таратпау азаматтық міндетіміз, — делінген хабарламада.

Вакцина пункті
Фото: Нұр-Сұлтан әкімдігі

Қазіргі уақытта қала бойынша сауда ойын-сауық орталықтары және сауда үйлері жанында 5 вакцинация пункті орналасқан: «Керуен», «Хан Шатыр», «Азия Парк», «Абу Даби Плаза» сауда ойын-сауық орталықтары және «Евразия» сауда орталығы. Вакцинация пунктері медициналық мекемелерде де орналасқан. Барлығы 84 вакцинация пункті, сондай-ақ еңбек ұжымдарын вакцинациялау үшін көшпелі бригадалар жұмысын жалғастырып жатыр.