Назарбаев университеті тәжірибесі бойынша өңірлік ЖОО қай қалада ашылады?

Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Үкімет басшысы Асқар Маминнің қатысуымен өткен Nur Otan партиясы сайлауалды бағдарламасының жол картасын іске асыру жөніндегі штаб отырысында мәдениет пен білім беруді дамыту мәселелері қаралды.

Петропавл және Шымкентте Назарбаев университетінің тәжірибесі бойынша озық өңірлік жоғары оқу орындары құрылатын университеттер айқындалды, — делінген хабарламада.

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің базасында қазіргі таңда әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі (Назарбаев университетінің басқаруымен) мен Технология және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі (АҚШ Аризона университетінің басқаруымен) құрылды.

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің базасында даярлаудың келесі бағыттары анықталды: химиялық инженерия және биотехнология, тоқыма және тамақ инженериясы, ақпараттық технологиялар және энергетика, сәулет, құрылыс және көлік.

Сонымен бірге білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2021 жылдан 2025 жылға дейін шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда 5 000 мектеп жаңғыртылатынын айтты.

Биыл 1 015 мектепті жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған күрделі және ағымдағы жөндеу, пән кабинеттерін жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, мектеп кітапханалары мен асханаларын дамыту, қауіпсіз жағдайлар жасау сияқты бағыттар кіреді. Бұл ретте мектептердің 80%-інде физика, химия және биология пәндері кабинеттері ашылады, — деді Асхат Аймағамбетов.

Ал мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова 2025 жылға қарай 1 500 мәдениет нысанын салу және жөндеу бойынша алға қойылған міндеттерді іске асыру барысы туралы баяндады.

Министр ақпаратына сәйкес, биыл 89 мәдениет нысанын салып, 211 нысанды жөндеу жоспарланған. Қазақстандықтар мен шетелдік туристер арасында танымал ету мақсатында Түркістан және Атырау облыстарындағы республикалық музей-қорықтардың аумақтарында «Ордабасы» және «Сарайшық» визит-орталықтарын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді Ақтоты Райымқұлова.