Қазақстан қоржынындағы медаль саны әлі де өзгеріссіз. Қазақстан дзюдошы Елдос Сметов, ауыр атлеттер Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло жеңіп алған қола 3 медальдің көмегімен кестенің 55-ші сатысында тұр.
Екі күні бойы Қазақстанмен бір орында тұрған Украина бүгін тағы бір қола медаль алып, бір саты жоғарылады.
Жалпы медаль алған мемлекеттердің саны 66-ға жетті.
Командалық есепте медаль саны бойынша 15 алтын 7 күміс, 9 қола медальмен Қытай алға шықты. Екінші орынға ығысқан Жапонияның алтын медальдарының саны да 15. Алайда күміс және қола медаль саны Қытайдікінен аз (4 күміс, 6 қола). Үздік үштікті түйіндеп тұрған АҚШ-тың еншісінде әзірге 14 алтын, 14 күміс, 10 қола медаль бар.
Медаль саны бойынша алғашқы ондықта тұрған командалардың көрсеткіштері мынадай:
1. Қытай — 15-7-9;
2. Жапония — 15-4-6;
3. АҚШ — 14-14-10;
4. Ресей — 8-11-9;
5. Аустралия- 8-2-10;
6. Ұлыбритания — 5-7-6;
7. Оңтүстік Корея — 4-3-5;
8. Франция — 3-5-3;
9. Германия — 3-3-7;
10. Италия — 2-7-10.
Биыл Токио Олимпиадасында 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Айтулы аламанға жер бетіндегі 206 мемлекеттен 11 мыңнан астам спортшы қатысып отыр.
Бұған дейін Қазақстан құрамасы алты Жазғы Олимпиада ойындарына қатысқан болатын. Жалпы медаль жиынтығы: 21 алтын, 28 күміс, 64 қола медаль.
