Махамбет Досмұхамбетов Венгрия елшісін қабылдады

Махамбет Досмұхамбетов венгер компанияларының Атырау өңірінде қызмет етуде бай тәжірибесі бар екенін, олардың аса ірі Теңіз мұнай кен орнын игеру жұмыстары басы-қасында болғанын айтты. Венгер тарапын Атырау экономикасының мол мүмкіндігімен таныстырып, мұнай-газ өндірумен қоса, оның құрылымын әртараптандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды.

Қазір мұнай химиясын, ауыл шаруашылығын, балық шарушылығын, өңдеу өнеркәсібі мен машина жасауға басымдық беріп отырмыз. Сондықтан әсіресе, осындай салаларға инвестиция тартуға мүдделіміз. Егер бизнес өкілдері осында келіп, түрлі жобаларға инвестиция салуға ынталы болса, жан-жақты қолдау көрсетеміз,- деді аймақ басшысы.

Ол таяуда қабылданған облысты дамытудың кешенді жоспары туралы айтып, оның бизнес үшін қандай мүмкіндік ашатынын түсіндірді. Мәселен, «Ұлттық индустриалдық мұнайхимия технопаркі» еркін экономикалық аймағы инвестициялық әлеуеті мол. Онда Қазақстанның мұнай химиясы саласын дамытуға тың серпін беретін бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Осы орайда өңір басшысы венгерлік инвесторларды облыс аумағында бірлескен жобаларды іске асыруға шақырды.

Төтенше және Өкілетті елшісі Михай Галошфаи да Венгрия мен Қазақстанның экономикалық байланыстар саласындағы әлеуеті мол екенін айтып, оларды жандандыру қажеттігін жеткізді. Соның ішінде, венгер тарапы білім беру, медициналық, экологиялық жобаларға қатысуға қызығушылық танытатынын білдірді.

М.Досмұхамбетов пен М.Галошфаи екі елдің ежелден қалыптасқан тарихи байланысы мен ортақ мәдени құндылықтары қос мемлекет халықтарын жақындастыратын фактор екенін айтты.

Айта кетейік, 2021 жылдың қаңтар-сәуір айларында Атырау облысының Венгриямен сауда айналымы 850 мың АҚШ доллар болды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да