9 шілде — ауыл әкімдерін сайлауға кандидаттарды ұсынудың соңғы күні

Науқан басталғалы бері республика бойынша барлығы 2 322 кандидат, оның ішінде 7 шілдеде 102 кандидат ауыл әкімдігіне ұсынылды. Оның көпшілігі, атап айтқанда, 1 455 адам (62,7%) – өзін-өзі ұсынғандар, 867 адамды (37,3%) саяси партиялар ұсынған.

Саяси партиялар ішінде ең көп кандидат — 588 адамды (67,8%) Nur Otan партиясы, 100 адамды (11,5%) «Ауыл», 70 адамды (8,1%) ҚХП, 56 адамды (6,5%) Adal, 53 адамды (6,1%) Aqjol партиялары ұсынды.

Айта кету керек, ЖСДП партиясы бірде-бір кандидат ұсынбаған.

Сайлау жарияланған округтер санының көптігіне байланысты кандидаттардың ең көбі Ақмола (300), Қарағанды (267), Алматы (247) және Шығыс Қазақстан (237) облыстарында ұсынылды. Кандидаттардың ең азы Маңғыстау (36), Атырау (60) және Батыс Қазақстан (82) облыстарында.

Ел бойынша орташа бәсеке бір орынға — 3,2 адам. Ең жоғары бәсеке Түркістан (3,8), Маңғыстау (3,6), Қарағанды (3,6) және Алматы (3,5) облыстарында. Ең азы Қостанай (2,3) және Батыс Қазақстан (2,6) облыстарында.

Кандидаттарды ұсыну 9 шілде сағат 18.00-ге дейін жалғасады, сонымен бірге кандидаттарды тіркеу де қатар (кандидаттарды тіркеу 14 шілде сағат 18.00-ге дейін) жүргізіледі. 7 шілдедегі жағдай бойынша 456 кандидат тіркелді (ұсынылған кандидаттардың жалпы санының 19,6%-і).