Қазақстан мен Корея Республикасы — сенімді әрі стратегиялық әріптестер. Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Инмен кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізген Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Екі халықтың мәдени және сауда байланыстары Ұлы Жібек жолы заманында өркендеп, ғасырлар бойы жалғасып келеді. Қазақ және корей тілдерінің Орал-Атай тобында болуы халықтарымыздың тарихының да жақын екенін көрсетеді, — деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мен Оңтүстік Корея қарым-қатынастарының қалыптасып, нығаюына зор үлес қосқанын ерекше атап өтті.
Екіжақты серіктестіктің бастауында Елбасы тұрады. Ол елдеріміз бен халықтарымыздың арасындағы достық пен ынтымақтастықтың берік іргетасын қалады, — деді Қазақстан басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында екі елдің қарым-қатынастары іс жүзінде барлық бағыт бойынша ықпалдастықтың сапалы әрі жаңа деңгейіне көтерілгенін айтып, Үкіметаралық комиссия мен Қазақстан-Оңтүстік Корея іскерлік кеңесінің жұмысын жоғары бағалады.
Оңтүстік Корея — Қазақстан үшін сауда-инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты дамыту тұрғысынан маңызды 10 елдің бірі. Өзара тауар айналымы көлемінің қарқынды өсуін ерекше атап өтемін. Былтырғы қорытынды бойынша оның көрсеткіші рекорд деңгейге, яғни 4 миллиард долларға жетіп, 2017 жылға қарағанда екі еседен астам өсті. Инвестиция саласындағы ынтымақтастығымыз жоспарлы түрде дамып келеді. Кореядан Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция көлемі 7 миллиард долларға жетті. Оңтүстіккореялық бизнес тамақ өнеркәсібі, кен байыту, автомобиль және экономиканың басқа да салаларында табысты еңбек етіп жатыр, — деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстарын нығайтуға корей диаспорасы зор үлес қосты және корейлер Қазақстандағы ірі этникалық топтардың қатарына кіреді. Президент ел Үкіметі Қазақстанда тұратын корейлердің этномәдени ерекшелігін сақтау үшін бұдан былай да барлық жағдай жасайтынын айтты.
Корея Республикасының Президенті «Қазақстан-2050» даму стратегиясына оң баға беріп, Орталық Азия елдерінің арасында Қазақстанның жоғары қарқынмен өркендеп келе жатқанын айтты.
Қазақстан Корей түбегіндегі бейбіт үдерісті қолдайды. Осы сәтті пайдаланып, қолдау көрсеткендеріңізге ризашылығымды білдіремін. Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартқаннан кейін экономикалық дамуға қол жеткізді. Бұл — Корей түбегі үшін өте маңызды үлгі, — деді Мун Чжэ Ин.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі өркендету тұрғысынан бүгінгі сапардың мәні зор екенін, Мемлекет басшысы ретінде Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның достығын одан әрі нығайтуға ықпал ететінін айтты.