Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Инмен шағын құрамда келіссөздер өткізді.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, шағын құрамдағы келіссөздер ҚР Президенті резиденциясында ресми қарсы алу рәсімінен кейін өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Мун Чжэ Иннің алғашқы мемлекеттік сапары Қазақстан-Оңтүстік Корея арасындағы саяси диалог пен экономикалық іс-қимылдардың дамуына серпін беретінін атап өтті. Президент күн тәртібіндегі барлық мәселеге қатысты табысты келіссөздер өтіп, екіжақты тиімді шешімдер қабылданатынына сенім білдірді.
Президент мырза, Нұр-Сұлтанға қош келдіңіз! Біз кеше екіжақты ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін талқыладық. Бұл — Сіздің Қазақстан Республикасына алғашқы мемлекеттік сапарыңыз. Кеше Сіз ұлттық батырларыңыздың мәйіттерін Отанға қайтарған маңызды рәсімге қатыстыңыз. Осы оқиғаға орай құттықтауымды қабыл алыңыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Ин Қазақстанға мемлекеттік сапармен шақырып, жылы қабылдағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, бұл сапар биыл аталып өтетін Қазақстан мен Корея арасындағы стратегиялық әріптестіктің 10 жылдығы қарсаңында ерекше маңызға ие.
Қазақстан — Еуразия құрлығында бейбітшілік орнатуға және экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған Корея Республикасының «Жаңа Солтүстік саясатын» жүргізудегі негізгі әріптесі. Менің бұл сапарым екіжақты қарым-қатынастарды ғана емес, сонымен қатар Корея Республикасы мен Орталық Азия елдері арасындағы көпжақты өзара іс-қимылдарды нығайтуға серпін береді деп үміттенемін, — деді Оңтүстік Корея Президенті.
Кездесуде тараптар саясат, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты, сонымен бірге екі елдің халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылдарын талқылады.