Бұдан былай мемлекеттік органдар азаматтарды мекенжай анықтамасын алып кел деп ешқайда жұмсамайды. Бұл туралы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

Министрдің хабарлауынша, мемлекеттік органдар мекенжай анықтамасынан бас тарту мәселесінің шешімін тапқан.

Мекенжай анықтамасының қажеттілігіне күмән келтірген жазбамды жариялаған соң өздеріңізден көптеген ұсыныс-пікір келіп түсті. Бұл анықтаманы біріншіден, мемлекеттік мекемелер жиі талап етеді, әйтсе де, олардың сұратуға құқығы жоқ. Екіншіден, Еңбек кодексінде мекенжай анықтамасын талап ету туралы баптың жоқтығына қарамастан жеке ұйымдар да оны жиі сұратады екен. Дегенмен мекенжай анықтамасын қажет деп санайтындар да бар болып шықты. Олар аталған анықтаманың қажет екеніне түрлі себепті уәж ете отырып, көзқарасын білдірді. Біз өздеріңізден келіп түскен барлық ұсыныс-тілекті ескердік, — деп жазды Асқар Жұмағалиев.

Министрдің мәліметінше, егер азаматқа мекенжайы туралы анықтама қажет болса, азамат оны халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ ала алады.

Осы мақсатта пилот жобаны іске қоспақпыз. Кадр қызметі қызметкері немесе мекенжай анықтамасын сұратушылар азаматтың үшінші бір тарапқа рұқсат бергені туралы SMS-хабарламаны алысымен Egov.kz порталына кіріп, өздері анықтаманы жүктеп алады. Бүгінде 7 миллионнан астам қазақстандық «мобайл азамат» базасында тіркелген, бұл осынша азаматтың SMS-хабарлама арқылы үшінші тарапқа мекенжай анықтамасын алуға рұқсат беруге мүмкіндігі барын аңғартады, — дейді министр.

Ал қалған азаматтарға халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, телефон нөмірін тіркетуге тура келеді. Бұған бірнеше минут қана кетеді және оның бірнеше артықшылығы бар: 25 сервис пен анықтаманы электрон қолтаңбасыз Telegram арқылы алуға болады.

Құрметті мекенжай анықтамасын талап етушілер! Жақын болашақта ҚР Ішкі істер министрлігі және Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе отырып, пилот жобаны іске қосу күнін белгілейміз. Осыдан соң азаматтардан мекенжай анықтамасын талап етпей, оны үшінші тараптың сервисі арқылы өздеріңіз алатын боласыздар. Көмек қажет болса, ХҚКО қызметкерлері сіздерге кеңес беруге әрқашан дайын, — деп мәлімдеді Facebook-те Асқар Жұмағалиев.

Еске салайық, 2019 жылдың қаңтар айында Асқар Жұмағалиев мекенжай анықтамасын талап етуден бас тартуды ұсынған еді.

Еңбек кодексінде осы құжатты ұсыну туралы талап жоқ. Банктер мен басқа үшінші тұлғалар үшін eGov порталында клиенттің келісімімен азаматтың тұрғылықты мекенжайға тіркелгені туралы мәлімет беретін сервис бар. Онда мына қағазбастылықтың не керегі бар? — деді ол.

Бұдан соң ақпан айында Асқар Жұмағалиев сол кездегі Ақпарат және коммуникациялар министрінің басшысы Дәурен Абаевқа қағаз анықтамаларды жоюды тапсырды.