Майгүл Қайнарбаева
Майгүл Қайнарбаева. Фото: «Амансаулық» қоғамдық қоры

2014 жылы С.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университеті қазақ тағамтану академиясымен бірлесе отырып, зерттеу жүргізген. Нәтижесінде ересектер тобының шамамен 21%-ы семіздікке шалдыққаны анықталды. Басқа мекемелердің соңғы уақыттағы зерттеулері бойынша бұл көрсеткіш 30% болған.

Мамандардың айтуынша, артық салмақ жүрек-қан тамырлары ауруларына, жатыр мойны мен аналық, аталық бездерінің, сүт безінің, тоқішектің, бүйректің, бауырдың, өт қабының қатерлі ісігіне, остеопороз, артрит және тынысалу ағзаларының ауруларына себеп болады. Сонымен бірге бұл дертке шалдыққандардың өмір жасы да 7 жылға қысқарады.

Қоғамда семіздік көрсеткішінің өсуі — өте қауіпті жағдай. Генетикалық тұрғыдан семіздік қазақ халқының тегінде жоқ. Оның дамуы тамақтанудың рационына байланысты. Соның ішінде жартылай дайын өнімдердің немесе фастфудтың көбеюі ағзаға зиян. Денеге түсетін күштің аздығы да — семіздікке бірден-бір себеп.

Семіздіктің 95%-ына дұрыс тамақтанбау себеп болса, тек 5%-ы тұқымқуалаушылықтан немесе эндокрин жүйесіндегі кінәраттан туындайды.

Әлемде салмақтың жетіспеушілігіне қарағанда артық салмақ пен семіздік өлім-жітімге жиі ықпал етеді. Қант диабетінің 44%-ы, жүректің ишемиялық ауруының 23%-ы, кейбір қатерлі ісік ауруларының 41%-ы артық салмақ пен семіздік әсерінен болған. Дене массасының индексі 25-тен жоғары немесе тең болса, бұл — артық салмақ. Ал 30-дан жоғары немесе тең болса, бұл семіздік болып есептеледі.

Адам кез келген жаста семіздікке шалдығуы мүмкін. Әсіресе, жас ұлғайған сайын заталмасу процесі де өзгереді. Соған байланысты ағзаға түскен тамақтың сіңірілуінен де артық салмақ жиналуы мүмкін. Адам ағзасына қанша тамақ түссе, ол сонша энергия жұмсауы керек. Майлы, калориялы тамақты жеңіл сіңірілетін рационмен алмастыру керек. Ас мәзірінде сүт, ет өнімдері болғаны жақсы. Бірақ қызыл етті көп пайдалануға болмайды. Оны құс еті мен балық етіне алмастырған дұрыс. Сонымен қатар көкөніс, жарма түрлерін де рационға жиі қосу маңызды.

Қазір тамақты дайындау технологиясы өзгерген. Ал семіздіктен арылу үшін күнделікті ас мәзірін дұрыс құра білу керек. Артық тамақтанудың алдын алу үшін ағзаға қажет витаминдердің уақытылы әрі керек мөлшерде түсіп отыруын әрдайым қадағалаған жөн.

Үйде отырған әйелдер, жас босанған келіншектер артық салмақтан арылу үшін түрлі әдіске жүгінеді. Барынша өздігінен арықтауға тырысады. Интернеттен сан алуан ақпарат алып, өз бетінше түрлі шай ішеді. Әр адам ағзасы әртүрлі болғандықтан бала емізетін уақытта бірден салмақ тастауға болмайды. Артық салмақ қиындық тудырып жатса, диетологқа жүгінген абзал. Бірден салмақ тастау сүттің жоғалуына да себеп болуы мүмкін.

Кез келген отбасында тамақтану үрдісі, сол үйдің өскелең ұрпағының тамақтану мәдениетін қалыптастырады. Анасы отбасын қалай тамақтандырса, балалар соны әдетке айналдырады.

Бала құрсақта жатқан кезден-ақ артық салмаққа бейімделетінін бірі білсе, бірі білмейді. Бала туған кезде анасында да, әкесінде де семіздік белгісі болса, оның семіздікке бейімдігі 97% болады. Тек әкесінде болса, ер баланың семіздікке шалдығу мүмкіндігі 47%, ал анасында семіздік болса, қыз баланың бұл ауруға шалдығу мүмкіндігі 86% болады. Бұл — семіздік ауруының анасынан қызына берілу қаупі жоғары деген сөз.

Әлем бойынша артық салмақ дертінен мұхиттан алыс мемлекеттер, Мексика және АҚШ көш бастап тұр. Ал Азия елдері артық салмақтың таралуы бойынша соңғы орындарда орныққан. Дегенмен елімізде тамақтану нормасының өзгеруіне шетелдерден фастфудтың келуі, адамдардың үйден емес, көбіне сырттан ауқаттануы — негізгі себеп.

Дұрыс тамақтану ережесі бойынша дені сау адам күніне төрт рет ас ішуі керек. Ол — таңғы ас, сағат 11.00-де ішілуі керек екінші таңғы ас, түскі және кешкі ас. Түнде көп тамақ ішуге болмайды. Салмақ тастау үшін сапалы рацион құрып, тамақтану режимін сақтау керек. Көп қозғалып, ағзаны бірте-бірте салмақ тастауға үйрету қажет. Себебі жүйелі түрде арықтағанның тиімділігі зор. Салмақты жылдам тастауға асығу дененің қайтадан толысуына себеп болуы мүмкін.