Бұл туралы ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті жанындағы Ұлттық сараптама орталығының мамандары қазақстандықтардың санитарлық-эпидемиологиялық сауаттылығын арттыруға арналған баспасөз туры кезінде айтты.

2019 жылдың алғашқы үш айында Ұлттық сараптама орталығының Алматыдағы зертханасының мамандары тағамдардағы жануарлар ДНҚ-сына 142 зерттеу жүргізіп, оның 99-ында сынаманың сәйкессіздігін анықтаған. Қалбырдағы өнімнің 77 сынамасынан еттің орнына соя ДНҚ-сы табылды. Шұжық, тұшпара, котлет, турама (фарш) сияқты басқа да өнімдерден мамандар шошқа мен тауықтың ДНҚ-сын анықтады.

Алматыдағы зертхана базасында шұжық пен жартылай дайын өнімдермен бірге әлемдік бренд ретінде мойындалған фастфуд мейрамханаларындағы тағам үлгілері мен бургер, сэндвич, дөнер сататын шағын сауда орындарындағы ет құрамы да тексеріледі.

Ұлттық сараптама орталығы фастфудтан адамдар уланып, зардап шеккенде ғана зерттеу жүргізбейді. 2019 жылғы мониторинг бойынша қаладағы фастфуд өнімдердің стандартқа сәйкестігі міндетті түрде тексеріліп, нәтижесі қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне жіберіледі. Ары қарай департамент тиісті шара қолданады, — дейді ҰСО санитария-эпидемиология қызметінің дәрігері Гүлжан Қажыбекова.

Мамандар баспасөз туры кезінде ақпарат құралдары өкілдеріне Ұлттық сараптама орталығының Алматы базасында ет пен жартылай дайын өнімдерге сараптаманың қалай жүргізілетінін көрсетті. Бұл процестер жабық бокстарда кезең-кезеңімен өтеді. Бактериологтардың айтуынша, мұндай зерттеулер күні бойы жүргізіледі, кейде одан да көп уақыт алады.