Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловты қабылдады. Кездесу барысында министр Нұрсұлтан Назарбаевқа ведомствоның қазіргі қызметі және алдағы жұмыс жоспары туралы мәлімдеді.
Елбасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев сыртқы саяси бағыт сабақтастығын қамтамасыз етудің және Қазақстанның стратегиялық серіктестерімен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған шараларды біртіндеп іске асырудың маңызды екенін айтты.
Елімізде елеулі саяси өзгерістер болды. Биліктің қалыпты әрі бейбіт жолмен берілуін қамтамасыз етіп, бүкіл әлемге Конституция аясында әрекет ететінімізді көрсеттік. Бұл — барша жұрт үшін айтулы оқиға. Қазір ең бастысы — осыған дейін қалыптасқан сыртқы саяси бағытымыздан айнымау. Ең алдымен жақын көршілерімізбен арадағы қатынастарға назар аудару керек. Бұл қатынастар өзара сенімге негізделуге тиіс, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы сыртқы саясат ведомствосының басшысына шетелдерге жасалатын сапарларға және халықаралық іс-шараларға мұқият дайындалу қажет екенін айтты.
Қазіргі таңда мынадай мәселелерге баса мән беру керек. Біріншіден, Оңтүстік Корея Президентінің Қазақстанға сапары. Екіншіден, «Бір белдеу, бір жол» форумына қатысу үшін Қытай Халық Республикасына жасалатын сапар. Сонымен қатар Еуразия экономикалық одағының мерейтойлық саммитін өткізу үшін жақсылап дайындалу керек. Оның бес жылдығын елордамызда атап өтеміз, — деді Елбасы.
Бейбіт Атамқұлов елімізде болған саяси оқиғаларды халықаралық ұйымдардың басшылары оң бағалап жатқанын айтты.
Халықаралық ұйымдардың басшылары Қазақстанның халықаралық міндеттемелерді жүзеге асыра беретініне сенім білдіріп отыр. Әлемдік қоғамдастық Сіздің жаһандық бастамаларыңызды және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесіңізді, соның ішінде ядролық қарусыздану мен ядролық қаруды таратпау ісіне сіңірген еңбегіңізді жоғары бағалап жатыр, — деді Бейбіт Атамқұлов.