Алматы әкіміне «Көкжайлау» жобасын кейінге қалдыруды кім ұсынғаны белгілі болды

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әкімінің Көкжайлау курорты құрылысын кейінге қалдыру туралы ұсынысы жөнінде пікір білдірді.

Алматы əкімі Бауыржан Байбек сарапшылардың бағалауы мен қала тұрғындарының пікірін зерттеп, зерделеу үшін «Көкжайлау» тау шаңғысы курортының жобасын шегеруді ұсынды. Менің ұсынысым бойынша қабылданған бұл шешімді қолдаймын. Мұндай маңызды мәселеде асығыстық танытуға болмайды, — деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда Қоғамдық кеңестің отырысы барысында Бауыржан Байбектің «Көкжайлау» жобасын іске асыруды кейінге қалдыруды ұсынғаны хабарланған еді.

Біз асықпауымыз керек деп есептеймін. Сарапшылардың барлық пікірі мен жаңа локацияның перспективаларын қарастыру керек. Сондықтан жобаны жетілдіріп, әзірше кейінге қалдыра тұру керек. Оның үстіне, сарапшылардың пікірінше, қазір жұмыс істеп тұрған курорттардың дамуына 3-5 жыл кетеді. Бұл уақытта тиісті тәжірибе жинаймыз, маман даярлаймыз, тұрғындар мен курорттар қонақтарының пікірін білейік. Содан кейін ғана «Көкжайлау» тау шаңғысы курорты құрылысына кірісе аламыз, — деді Бауыржан Байбек.