Дәурен Абаев: «Көкжайлау» курорты құрылысының экологияға әсері аз болады

Бүгінгі таңда Қазақстанда тау курортына деген сұраныс артып келеді. «Шымбұлаққа» келушілердің шамадан тыс көбеюі де осыны растайды. «Хабар» телеарнасындағы «Ашық әңгіме» бағдарламасында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев осындай пікір айтты.

Министр «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортына келушілердің шамадан тыс артуына байланысты Алматыда тағы бір курорт салу қажет болып отырғанын айтты.

Бүгінгі таңда біз туризмді дамыту үшін қолда бар рекреациялық мүмкіндіктерді пайдалануға тиіспіз. Туризмнің әлемдік жалпы ішкі өнімдегі үлесі 10%-дан асады, бұл — 8 триллион доллар деген сөз. Біз туристер үшін күресуіміз керек. Қала маңында орналасқан тау — Алматының басты артықшылығы, — деді министр.

Алматыда «Көкжайлау» курортын салу мәселесі әлі талқыланып жатыр, ал көрші елдер тау шаңғысы индустриясын қарқынды дамытуды қолға алған.

Мысалы, Өзбекстанда 100 миллион доллардан астам инвестиция құю арқылы үлкен курорт ашылмақ. Қырғызстанның Қаракөл ауданында үлкен екі курорт салынып жатыр. Әзірбайжанда енді ғана ашылған тау шаңғысы курортына 100 мың адам барып үлгерді, — деді Дәурен Абаев.

Министр 2014 жылы ұсынылған «Көкжайлау» тау шаңғысы курортының бірінші жобасында табиғат ландшафтын біршама өзгерту көзделгенін, негізінен қалталы шетелдіктерге арналғанын еске салды. Кейінгі жоба қарапайым азаматтарға арналады және құрылыс барысында барлық экологиялық мәселе ескеріледі.

Қазір әкімдік құрылыс мәселесін қайта қарап шықты. Жыл бойы жұмыс істейтін, жұрттың бәріне қолжетімді курорт салу жоспарланып отыр. Тасжолдың жоспардағы ұзындығы қысқарды, ғимараттардың аумағы шамамен 10 есе кішірейді. Осының бәрі экологияға әсерді азайтады, — деді Ақпарат және коммуникациялар министрі.

ДереккөзInform.kz