Басты бетЖаңалықтарҚасым-Жомарт Тоқаев...

Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО интеграциясын дамытуға бар жағдай жасайтынын айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапары аясында Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация кеңесінде болып, кеңес төрайымы Валентина Матвиенкомен кездесіп, Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде өзінің Президент ретіндегі алғашқы сапары өзара құрмет пен сенімге негізделген екіжақты стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейін айғақтайтынын айтты.

Қазақстанның жаңа Президенті ретіндегі менің міндетім — елдеріміз арасындағы одақтастық қарым-қатынастың дамуына мол еңбек сіңірген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиясының сабақтастығын қамтамасыз ету, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Валентина Матвиенконың ТМД Парламентаралық Ассамблеясының төрағасы лауазымындағы қызметін жоғары бағалап, Федерация кеңесінің спикеріне екіжақты парламенттік байланыстарды нығайту жөніндегі бірлескен жұмыстары мен халықаралық құрылымдар аясындағы жемісті ынтымақтастық үшін ризашылық білдірді.

Қазақстан Президенті екі елдің интеграциялық күн тәртібі аясында өзара іс-қимылдарды кеңейту мәселелеріне арнайы тоқталды.

29 мамырда Нұр-Сұлтанда Еуразия экономикалық одағының мерейтойлық саммиті өтеді. Қазақстан Президенті ретінде еуразиялық интеграцияның дамуына барынша жағдай жасаймын. Мемлекеттеріміздің парламенттері осы үдерістерге зор үлес қоса алады деп ойлаймын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Валентина Матвиенкомен кездесті
Қасым-Жомарт Тоқаев Валентина Матвиенкомен кездесті. Фото: Аkorda.kz

Валентина Матвиенко парламентаралық қарым-қатынасты нығайтудың маңызын айтып, осы сапар Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігіне тың серпін беретініне сенім білдірді.

Кестеңіздің тығыздығына қарамастан Федерация кеңесіне келуге уақыт тапқаныңызға ризашылығымды білдіремін. Екіжақты парламенттік өзара іс-қимылдарды және ТМД Парламентаралық Ассамблея аясындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан жеке үлесіңіз үшін Сізге алғыс айтқым келеді, — деді Валентина Матвиенко.

Валентина Матвиенко Қасым-Жомарт Тоқаевқа биылғы сәуір айында Парламентаралық Ассамблеяның кезекті отырысы жоспарланғанын және осы жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаеваның шақырылғаны туралы айтты. Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды мәселелері жөнінде пікір алмасты.